Шымкентте "Шымкент марафоны" бұқаралық сайысы 6-шы рет өтті
Жарияланған күні:
Шымкент қаласында Shymkent Marathon ауқымды спорттық іс-шарасы биыл 6-шы рет өтті. Бұқаралық жүгіру сайысына 5 мыңнан астам адам қатысты.
Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов барша қатысушыға сәттілік тілеп, өз құттықтауын жеткізді.
"Іс-шараның басты мақсаты — бұқаралық спортты дамыту мен салауатты өмір салтын қалыптастыру. Елімізде спортты дамытуға айрықша мән беріліп, барлық жағдай жасалуда. Дәстүрлі сайысқа қатысушылар саны жылдан-жылға артып келеді. Бұл қала тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануға деген қызығушылығы артқанын көрсетеді. Сайыста мықтылар жеңсін!", — деді қала әкімінің бірінші орынбасары.
Жүгіру марафоны Әл-Фараби алаңынан басталып, сол алаңда мәресіне жетеді. Сайысқа тек кәсіпқой спортшылар ғана емес, салауатты өмір салтын қолдайтын әрбір тұрғын, спорт жанкүйерлері де қатыстыяв. Атап айтқанда, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Моңғолия және еліміздің басқа өңірлерінен, жалпы 60-тан астам қаладан қатысушылар тіркелген.
5, 10, 21 және 42 шақырым бойынша және скандинавиялық жүрістен, сонымен қатар, Экиден (42 шақырымдық эстафета) және мүмкіндігі шектеулі балалалар арасында да сайыс өтіп жатыр. Жарыстың жалпы жүлде қоры - 14 млн теңге.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2036970-symkentte-symkent-marafony-buqaralyq-saiysy-6-sy-ret-otti/