Әрқайсысы 1 млн теңге: Жетісу облысында 23 жастағы әйел екі баласын сатты деген күдікке ілінді
Жарияланған күні:
Жетісу облысында екі бірдей баласын сатып жіберген әйел ұсталды. Тасбауыр ана әр сәбиін бір миллион теңгеге бағалап, қаржыны қалтасына басып үлгеріпті, деп хабарлайды КТК арнасы.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 23 жастағы әйел өткен жылдың қазан айында босанып, шақалақты бірден ақшаға айырбастаған.
Ол бауыр еті баласын делдал арқылы саудаға салған. Ақшаға дәніккеннен бе, келіншек өткен айда туған екінші сәбиін бір миллион теңгеге өткізіп жіберген.
Қазір қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Егер әйелдің кінәсі дәлелденсе, 9 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.
"Күдікті делдалдар арқылы өзінің 2022 және 2023 жылы туған екі баласын сатқаны анықталды. Бірінші факті 2022 жылдың қазан айында, екінші факті 2023 жылдың тамызында болған. Екі жағдайда да мәміле сомасы 1 миллион теңгені құраған", - деді ІІМ ресми өкілі Шұғыла Тұрлыбек.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2036997-arqaisysy-1-mln-tenge-zetisu-oblysynda-23-zastagy-aiel-eki-balasyn-satty-degen-kudikke-ilindi/