"iPhone 11 алуыма болады": Англияға қырыққабат теруге кеткен ақтаулық спортшы аптасына қанша табыс табатынын айтты
Жарияланған күні:
Читать на русскомАқтаулық белгілі спортшы, Гиннестің рекордтар кітабына енген Ильдар Ягьяев бүгінде Ұлыбританиядағы көкөніс алқабында қара жұмыспен айналысып жүр. Осы орайда Ильдар Instagram-дағы парақшасында шетелдегі өмірі туралы видео жариялап, бір аптада қанша табыс табатынын және бұл ақша неге жететінін айтты.
Ильдардың айтуынша, ол көптен бері Ұлыбританиядағы жалақы мөлшері мен жергілікті баға көрсеткішіне шолу жасағысы келіп жүрген. Осы жолы бұның сәті түскен. Желіде жарияланған арнайы видеода Ильдар Ұлыбританияда бір аптада тапқан табысына не сатып алуға болатынын айтады.
Ильдардың сөзінше, қазір ол алқапта салат (бақша өсімдігі) жинаумен айналысады.
"Бір апта бойы салат жинаумен айналыстым. 33 сағат жұмыс істеген екенмін. Ал тапқан табысым 691 фунт немесе 400 мың теңге. Одан да көп табуыма болатын еді, бірақ Лондонда сәл қыдырғым келді. Сондай-ақ мереке күні жұмысқа шыққаным үшін екі есе төледі", – дейді спортшы.
Салық пен сақтандыру жарналарын шегеріп тастағанда спортшының бір аптадағы табысы 547 фунтты (316 мың теңгені) құраған.
Содай-ақ Ильдар дүкендегі азық-түлік бағасы туған қаласы Ақтаудан қарағанда арзан болуы мүмкін екенін атап өтті.
Мәселен, тауық етінің 1 келісі – 2,62 фунт немесе 1516 теңге, түрлі түсті қырыққабат – 979 теңге, 1 литр сүт, банан не мандарин – бір фунт немесе 578 теңге.
"Қорытындыласақ, Англияда бір аптадағы жалақыма мен не сатып ала аламын? Мысалы, 439 фунтқа (254 мың теңге) iPhone 11 алуыма болады, ал екі апта жұмыс істесем, 1039 фунтқа (601 мың теңге) iPhone 14 Pro-ны да сатып ала аламын. Немесе Түркияға бір аптаға жолдама сатып алуыма болады. Бірақ қазір жұмыс үшін өзіме көлік қарастырып жүрмін", – дейді Ильдар Ягьяев.
Айта кетейік, бұған дейін Англияға қара жұмысқа аттанған қазақстандықтар арасында ақтаулық белгілі спортшы Ильдар Ягьяевтің де бар екенін, оның шетелде қырыққабат теріп жүргенін жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2037045-iphone-11-aluyma-bolady-angliyaga-qyryqqabat-teruge-ketken-aqtaulyq-sportsy-aptasyna-qansa-tabys-tabatynyn-aitty/