Антикор: "Азық-түлік корпорациясы" АҚ басшылары ұсталды
Жарияланған күні:
"Азық-түлік корпорациясы" АҚ басшылары ұсталды. Олар жемқорлық бойынша күдікке ілінген. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Telegram-дағы ресми арнасында хабарлады.
Агенттіктің хабарлауынша, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, стратегиялық шикізат-астықты жымқыруға жол бермеу мақсатында "Азық-түлік келісім-шарттық корпорациясы" ҰК" АҚ қызметінде жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтау бойынша жұмыс жүргізуде.
"Жемқорлықта Продкорпорация өңірлік филиалдары мен ведомстволық бағынысты ұйымдарының бірқатар басшысы әшкереленді.
Астық ұрлау фактілерін жасыру үшін пара беру әрекеті кезінде астық базаларының бұрынғы директоры мен оның көмекшілері әшкереленді", - делінген хабарламада.
Антикор қазіргі уақытта күдіктілер соттың санкциясымен қамауға алынғанын, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Астана қаласында "Азық-түлік корпорациясы" АҚ-ның қаржы департаментінің директоры мен бас менеджеріне қатысты тергеу аяқталғанын мәлім етті.
"Тергеу барысында олар бидай түрінде тауарлық несие бергені үшін коммерциялық ұйым басшысынан 800 мың теңге сомасында пара алғаны анықталды. Айыпталушылар сотқа тартылды", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ Антикордың ақпаратынша, арнайы жедел-іздестіру іс-шаралары кешенінің нәтижесі бойынша "Азық-түлік корпорациясы" АҚ Қостанай облыстық өкілдігінің директоры әшкереленген.
"Ол ЖШС өкілінен 100 мың тонна бидай көлемінде тауарлық несие алу мәселесін оң және кедергісіз шешкені үшін 350 мың теңге сомасында пара алды деп күдіктелуде. Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде", - делінген хабарламада.
Сыбйлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейтінін жеткізді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2037072-azyq-tulik-korporaciyasy-aq-bassylary-zemqorlyq-boiynsa-kudikke-ilindi/