Алматылық зейнеткер ауруханада лифт шахтасына құлап кеткен
Жарияланған күні:
Читать на русскомАлматыдағы ауруханалардың бірінде зейнеткер лифт шахтасына құлап кеткен. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бұл факті бойынша тексеруді бастаған.
"Астана" телеарнасы зардап шеккен тұрғынның немересінің сөзіне сілтеме жасап хабарлауынша, оқиға 17 қыркүйекте Алматы қалалық ревматология орталығында болған. Зейнеткер орталыққа емделуге келген.
"Әжем былтыр тізесіне ота жасатқандықтан баспалдақпен көтерілуі өте қиын. Дәл сол күні оларда лифт жұмыс істемей қалған екен. Әжем білмей лифт шақырған, сөйтіп бірден биіктігі 1, 3 метрлік шахтаға құлаған. Ол жерде лифтіде ақау бар деген не белгі, не жазу болмаған", - дейді зейнеткердің немересі.
Оның сөзінше, әжесінің лифт шахтасына құлаған сәті видео бақылау камераларына түспей қалған.
"Аурухана меңгерушісі мені ол жерде белгі тұрған деп сендірді, бірақ оны біреу жұлып алған. Кейін видеокамера жазбаларын талап еттім, алайда қызметкерлер құлаған сәттің жазбасы жоқ екенін айтты. Өйткені камера бөлімшедегі жарық жанған кезде ғана түсіретінін айтты. Олар құлаған кездегі видеоны өшіріп үлгерген сияқты. Дегенмен әжемнің лифт шахтасынан қалай шығарылғанын түсіріп алдым", - дейді алматылық тұрғын.
Жігіттің айтуынша, оқиға салдарынан әжесінің жіліншік сүйегі сынған, төрт қабырғасы сынған, миы шайқалған, денесі көгеріп, сырылған.
Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы NUR.KZ тілшісіне мұндай жайттың болғанын растап, зардап шеккен алматылықтан кешірім сұрайтынын мәлімдеді.
"Қазіргі таңда пациентке Алматы қалалық жедел көмек көрсету ауруханасында барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде.
Аталған факті бойынша қызметтік тексеру жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша кінәлілерге тиісті шаралар қолданылады", - деп хабарлады ведомстводан.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2037171-almatylyq-zeinetker-auruxanada-lift-saxtasyna-qulap-ketken/