Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Түпкі бенефициары": мәжіліс депутаты "РОП операторы" ісіндегі Әлия Назарбаеваның роліне тоқталды

Жарияланған күні:

Әлия Назарбаева
Әлия Назарбаева. Фото: instagram.com/aliya_nazarbayeva_official

Парламент мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Республикалық кеңестің отырысында "РОП операторы" ісіндегі түпкі бенефициар Әлия Назарбаева екенін айтты, деп хабарлайды AMANAT партиясы Telegram-дағы ресми арнасында.

Ерлан Саиров партия жанындағы кеңестің мүшелері республикаға белгілі заңгерлер, мемлекет қайраткерлері мен қоғам белсенділері және депутаттар екенін алға тартты.

Саировтың айтуынша, жемқорлыққа қарсы кеңес өз жұмысы барысында тек өңірлердегі проблемаларға ғана емес, елімізде азаматтар кең талқылап жүрген ең резонансты мәселелерге баса мән береді. Осы орайда кеңес төрағасы жиналғандардың назарын "РОП операторына" қатысты мәселеге аударды.

"Әділетті Қазақстанның кірпіші заңды орындаудағы шындықтан құралады. Барлығы заң және заңды құқыққа сәйкес болуы керек. Баршамызға белгілі жақында "РОП" деп аталатын ұйым басшыларының бірқатары қылмыстық жауапқа тартылды. Сот барысында көптеген куәгер жемқорлық жолмен алынған қаражаттың түпкі бенефициары Әлия Назарбаева екенін көрсетті.

Бірақ сот та, Бас прокуратура өкілдері де сот процесінде бұл азаматтардың уәжіне ешқандай назар аудармады. Егер Қазақстанда әділетті қоғам орнатамыз десек, өзіне қатысты осындай куәгерлік берілген әрбір азамат кінәсіздігін сотқа келіп дәлелдеуі қажет", - дейді депутат.

Сондай-ақ Ерлан Саиров азаматтардың уәжін міндетті түрде Бас прокуратураға жеткізетінін және бұл мәселе кеңестің бақылауында болатынын атап өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2037425-tupki-beneficiary-mazilis-deputaty-rop-operatory-isindegi-aliya-nazarbaevanyn-roline-toqtaldy/