Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Арал өңіріндегі балық шаруашылығын дамыту мәселесі талқыланды

Жарияланған күні:

«Арал өңірі балықшыларының VII-ші слеті»
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Бүгін Арал ауданында «Арал өңірі балықшыларының VII-ші слеті» өтті. Аталған шара аясында «Арал өңіріндегі балық шаруашылығын дамыту» жөніндегі дөңгелек үстел болды. Онда балық шаруашылығы саласында жұмыс атқарып жүрген ғалымдар, мемлекеттік органдар және табиғат пайдаланушылар, балық шаруашылығы ардагерлерімен пікір алмасып, проблемалық мәселелерді талқылады.

Жиында алдымен облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов сөз сөйледі.

«Бүгінгі күні акваөсіру саласын қоспағанда балықты табиғи су айдындарынан аулаумен ғана шектеліп отырмыз. Жоғарыда атап өткенімдей облысқа бекітілген балық аулау квотасының көлемі балық өңдеу зауыттарының мүмкіндігінен едәуір төмен.

Дүниежүзілік тәжірибе көрсетіп отырғандай, балық өнімдерінің көлемін арттырудың бірден-бір жолы қолдағы су айдындарда балық қорын табиғи молайту мен балық өсіру болып табылады. Бүгінгі шараның мақсаты облысымыздың балық шаруашылығының дамуының негізгі жолдарын нақтылай отырып, Кіші Арал теңізінің және көлдер жүйесінің болашағын қолға алу болып табылады.

Сондай-ақ балық өсіруді тоған шаруашылығын дамыту арқылы да жүзеге асыруымыз қажет. Осы орайда алдағы уақытта өздеріңізбен іскерлік байланыста болып, бірлесіп жұмыс атқаруымыз қажет», - дейді ол.

Жиында балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Алмас Асылбеков те сөз алып еліміздегі «Балық шаруашылығын дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар» туралы айтты.

Сонмен қатар ол су ресурстарының тапшылығын азайтуға септігін тигізетін, климаттың өзгеруі мен шекаралас мемлекеттердің саясатын ескеруге мүмкіндік жасай алатын жаңа нұсқадағы «Су кодексі» дайындалып жатқандығын жеткізді.

«Арал өңірі балықшыларының VII-ші слеті»
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Ал балық шаруашылығы саласының ардагері, қоғам қайраткері, бұрынғы балық шаруашылығы министрі Құдайберген Саржанов «Арал-Сырдария бассейнінде Арал қаяз балығы мен барлық популяциясын сақтаудың қажеттілігі» туралы ой қозғады.

Жиында түрлі сала басшылары мен ғалымдар, табиғат пайдаланушылары «Кіші Арал теңізінің қазіргі жағдайы», «Арал теңізінің қазіргі жай күйі және болашағы», «Браконьерлікпен күрес шаралары» туралы пікірлерін білдірді.

Сондай-ақ «Арал теңізінің балық қорын сақтау» бойынша Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов сөз сөйледі.

«Балық зерттеу институтының жұмысын жүйелендіру. Осыған байланысты Арал теңізіндегі балықтың қорын анықтап, нақты өсу динамикасын терең зерттеу. Себебі теңіздің суы 27 млрдтан 19 млрдқа азайғанымен балық аулау лимиті азаймай отыр. Бүгінде заңсыз балық аулаудың дерегі көп. Осыған тосқауыл қою бағытында аудан аумағында белгіленген орындарында арнайы салмақ өлшейтін таразымен және бейне бақылау қондырғыларымен жарақталған бекет қою жұмыстарын қолға ала отырып, заңсыз балық аулаушылардың алдын алу.

Табиғат пайдаланушылар өз учаскелерінде балық аулаумен айналысатын барлық жеке тұлғалардың заң шеңберінде тіркелуін жүзеге асыру. Судыңда сұрауы бар демекші ауданда суды реттеу мәселесі қордаланған. Аталған мәселеге байланысты Арал ауданында 2005-ші жылға дейін жұмыс жасаған «АралСуШаруашылығы» мекемесін қайта құруды ұсынамыз», - деп ұсынысын білдірді ол.

«Арал өңірі балықшыларының VII-ші слеті»
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Басқосуға қатысқан балықшылар мен сала ардагерлері өңірде «Балық шаруашылығы ғылыми зерттеу институтын» қайта құруды, Халықаралық Аралды құтқару қорының бас дирекциясын Арал ауданына орналстыруды, Арал теңізінің суландыру бойынша ауданға бөлек судың лимитін бекітуді ұсынды.

Өңірдің балық шаруашылығы саласын дамыту бойынша пікір алмасқандар жиын соңында Кіші Арал теңізінің бекітілген учаскелері бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Жиынға қатысушылар мұндай түйткілді мәселерді қамтыған дөңгелек үстелдің алдағы уақытта да дәстүрлі түрде өткізу жөнінде тілектерін білдірді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2037518-aral-onirindegi-balyq-saruasylygyn-damytu-maselesi-talqylandy/