Ақтөбелік тұрғын өзгенің автокөлігін металл қабылдау пунктіне өткізіп жіберген
Жарияланған күні:
Ақтөбелік тұрғын өзгенің ГАЗ-52 бензовоз автокөлігін ұрлап әкетіп, металл қабылдау пунктіне 225 мың теңгеге өткізіп жіберген. Бұл туралы Polisia.kz ақпараттық медиа-порталы хабарлады.
Медиа-порталдың мәліметінше, 20 қыркүйекте полиция бөліміне 31 жастағы тұрғын ұрлық дерегі туралы арызданған.
Арызданушының айтуынша, Ақтөбе қаласында белгісіз азамат салынып жатқан үйдің ауласынан кіріп, жүруге жарамсыз күйде тұрған ГАЗ-52 бензин таситын автокөлігін ұрлап әкеткен.
Осы дерек бойынша жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында криминалдық полиция қызметкерлері 31 жастағы күдіктіні анықтап, полиция бөліміне жеткізді.
Басылымның жазуынша, күдікті хабарландыру сайты арқылы "манипулятор" көлігін шақырып, жарамсыз көлікті оған тиеп, қала сыртында орналасқан металл қабылдау пунктіне 225 мың теңгеге тапсырғаны анықталды.
"Ұрланған автокөлік тәркіленді. Ұрлық дерегі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабының 1-бөлігі (Ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті кінәсін мойындады", - деп жазды басылым.
ІІМ дерек бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2037595-aqtobelik-turgyn-ozgenin-avtokoligin-metall-qabyldau-punktine-otkizip-zibergen/