2037 жылы мемлекеттік грант тоқтатыла ма: министр жауап берді
Жарияланған күні:
Желіде 2037 жылға қарай мемлекеттік грант тоқтатылады деген ақпарат тарады. Бұл ақпаратқа қатысты Талдықорған қаласында өткен Жетісу облысының тұрғындарымен кездесуде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жауап берді, хабарлайды ведомство Telegram-дағы ресми арнасында.
Саясат Нұрбектің айтуынша, елімізде мемлекеттік гранттар тоқтатылмайды.
"Гранттар сақталады. Мемлекеттік тапсырыс бізге керек. Ол – біздің мемлекетіміздің негізгі әлеуметтік функциясы. Қолжетімділікті сақтаймыз", - дейді министр.
Министр қандай жағдай болмасын, жоғары білімге қолжетімділік сақталатынын атап өтті.
"Гранттар санын өсіре берсек, демократияға жете алмаймыз. Біздің де ресурстарымыз шектеулі.
Келесі жылдан бастап жинақтаушы форматқа көшеміз. Көбірек адам жоғары білім алуға ілігуі керек. Қазіргі 60 пайызды сақтап қалуымыз керек. Жинақтаушы жүйе де жүруі керек. Бала грантқа іліксе, сол жинақтаған ақшаны баспана алуға жұмсауға болады. Егер бала грантқа ілінбесе, өзінің жинақтаған ақшасы, кепілі бар", - дейді ол.
Айта кетейік, Қазақстанда 2037 жылдан бастап жоғары оқу орындарына грант бөлінбеуі мүмкін екені, келесі жылдан бастап "Келешек" жобасы бойынша әр балаға ақша жинақталатыны хабарланған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2038001-2037-zyly-memlekettik-grant-toqtatyla-ma-ministr-zauap-berdi/