Алматыда Дәулет Тұрлыхановтың ұлына қатысты cот үкімі шықты
Жарияланған күні:
Читать на русскомАлматыда депутат Дәулет Тұрлыхановтың ұлына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Әскери соттың ресми сайтына сілтеме жасап.
Әскери соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, әскери қызметшіге Қылмыстық кодекстің 107-бабы 2-бөлігінің 1 және 5-тармақтарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасады деген айып тағылған.
"Сотталушы Б. биыл 11 ақпанда сағат 02.00 шамасында түнгі клубтардың бірінің жанында бұзақылық ниетпен жәбірленуші ерлі-зайыпты Ч.-ға қасақана орташа ауырлықтағы дене жарақатын салған. Сотталушының кінәсі өзі мойындаған айғақтармен, жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтарымен, сараптамалардың қорытындыларымен, оқиға болған жерді тексеру хаттамаларымен дәлелденген", - делінген сот хабарламасында.
Прокурор сотталушы Б.-ға 1 жыл 6 ай бас бостандығынан шектеу түрінде жаза тағайындауды сұраған.
Алайда сот жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, сотталушының жеке басын ескере отырып, оған айыппұл түрінде жаза тағайындаған. Айыппұлдың мөлшері – 1 млн 725 000 теңге (500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде).
Сонымен қатар сотталушы Б.-дан жәбірленушілердің пайдасына 1 000 000 теңге көлемінде моральдық өтемақы өндірілген.
Сот сотталушының жасын, кінәсін мойындауын, соттылығының жоқтығын, татуласуға және зиянды өтеуге деген ұмтылысын жазаны жеңілдететін мән-жайлар деп, ал ант берген адамның қылмыстық, құқық бұзушылық жасауын ауырлататын мән-жайлар ретінде таныған.
Әскери соттың ақпаратынша, үкім заңды күшіне енбеген.
Айта кетейік, биыл ақпан айында адвокат Анна Чернова (Димитриевич) күйеуі екеуі қызды ұрып жатқан жігітті тоқтатпақ болғанда өздері соққыға жығылғанын мәлімдеген еді.
Кейін адвокаттар өздеріне шабуыл жасаған белгілі спортшы, мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы екенін білген.
Бұл жайтқа қатысты Дәулет Тұрлыханов пікір білдіріп, ұлының кінәсі дәлелденсе, заңға сәйкес жауап беретінін мәлімдеген еді.
Шілде айында адвокат Анна Чернова Дәулет Тұрлыхановтың ұлы әскери бөлімнен қашып кеткенін хабарлады. Кейін Қорғаныс министрлігі ол табылып, қызмет орнына жеткізілгенін мәлім етті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2040238-almatyda-daulet-turlyxanovtyn-ulyna-cot-ukimi-syqty/