Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

46 адам құрбан болған Костенко шахтасындағы оқиға: Бас прокуратура тергеу қалай жүріп жатқанын айтты

Жарияланған күні:

Шахта
Шахта. Көрнекі сурет: pixabay.com

Бас прокуратура өткен аптада 46 адам құрбан болған Костенко шахтасындағы оқиғаға қатысты тергеу қалай жүріп жатқанын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ведомствоның ресми сайтына сілтеме жасап.

Тақырып бойынша жаңа жарияланым:
"АрселорМиттал Теміртаудың" жаңа инвесторына қандай талаптар қойылады

Бас прокуратураның мәліметіне сүйенсек, ведомствоаралық жедел-тергеу тобы "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-ның Костенко атындағы шахтасында болған оқиғаға қатысты тергеуді жалғастыруда. Жергілікті орында үйлестіруді Бас прокурордың бірінші орынбасары жүзеге асыруда.

"Газ-метан қоспасының жарылуының себептері мен жағдайларын анықтау мақсатында шахтаға түсу арқылы оқиға орнын алғашқы тексеру жүргізілді. Ауысым қызметкерлерінен, АМТ Көмір департаментінің басшылары мен жауапты қызметкерлерінен жауап алынды.

Бірқатар сот сараптамасы, оның ішінде жарылыс-техникалық, биологиялық, геномдық-молекулалық және т.б. тағайындалды", - делінген хабарламада.

Ведомство хабарлауынша, кеншілер еңбегінің қорғалуының материалдық қамтамасыз етілу талаптарына сәйкестігін тексеру және қорытынды беру үшін мемлекеттік аудит мамандары мен басқа да сарапшылар тартылған.

Сондай-ақ Бас прокуратура шахтада жұмыстарды ұйымдастыруға және қауіпсіздік техникасын қамтамасыз етуге арналған құжаттамалар алынып, талданып жатқанын, өзге де қажетті іс-шаралар өткізіліп жатқанын атап өтті.

"Кінәлі тұлғалардың іс-әрекеттеріне тиісті құқықтық баға берілетін болады. Зардап шеккендер мен туыстарының қатысуымен өткізілетін тергеу әрекеттері олардың денсаулық жағдайы және жерлеу рәсімдерін өткізу қажеттілігін ескере отырып жүргізілетін болады. Тергеу жалғасуда. Қылмыстық іс Бас прокурордың бақылауында", - деп хабардар етті Бас прокуратурадан.

Ведомство Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етілмейтінін жеткізді.

Естеріңізге сала кетейік, 28 қазанға қараған түнде Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада жарылыс болды. Апат салдарынан 46 кенші қаза тауып, 20-дан аса кенші зардап шекті.

2023 жылғы 29 қазан жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

Сондай-ақ шахтадағы өрт фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 277-бабының 3-бөлігі (Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу) бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2043386-46-adam-qurban-bolgan-kostenko-saxtasyndagy-oqiga-bas-prokuratura-tergeu-qalai-zurip-zatqanyn-aitty/