"Отбасындағы төртінші балаға 2,3 млн теңге": мемлекет қаражаты жете ме
Жарияланған күні:
Читать на русскомБүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов отбасындағы төртінші балаға 2,3 млн теңге төлеу туралы ұсынысқа жауап берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Бұған дейін Қазақстанның халық партиясынан мәжіліс депутаты Гауһар Танашева елімізде туған әр төртінші балаға 5 мың доллар немесе 2,3 млн теңге беру туралы ұсыныс айтқан еді. Журналистер осы ұсыныс туралы вице-министр Ербол Оспановтың пікірін сұрады.
"Қазақстанда кәмелет жасына толмаған кем дегенде 6,8 млн бала бар. 18 жасқа дейінгі әрбір балаға 5 мың доллардан бөлінсе, қанша ақша керек болады?
Бүгінде ел бюджетінің 26-27 пайызы әлеуметтік төлемдерге жұмсалады. Оларды 5 млн-ға жуық адам алады. Бұл 26-27 пайыз 5 триллион теңгеге жетеді. Ал егер 5 мың доллардан төленсе, мемлекет қаражаты жете ме?" - деп жауап берді ол.
Вице-министр бұл жағдайда бюджет мүмкіндіктеріне қарау керегін айтты.
"Экономикалық жағдайға байланысты әлеуметтік төлемдердің мөлшері өзгеруде, индекстеу жүргізілуде. Сонымен қатар әр балаға 70 мың төлеу туралы ұсыныс болды, бірақ бұл жағдайда жылына 5 триллион теңге қажет. Бүгінде бюджетте мұндай қаражат жоқ, бірақ экономиканың дамуына қарай бұл мәселені қайта қарастырамыз. Алайда қазіргі таңда бұл өзгерістер болмайды", - деді Ербол Оспанов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2046116-otbasyndagy-tortinsi-balaga-23-mln-tenge-memleket-qarazaty-zete-me/