Алматы облысы ПД полицейлер оқушы қызды зорлады деген ақпаратқа пікір білдірді
Жарияланған күні:
Читать на русском"Немолчиkz" қоры Қонаев қаласында полицейлер 14 жастағы жасөспірім қызды зорлағаны туралы ақпарат жариялады. Алматы облысы полиция департаменті бұл жазбаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Немолчиkz" қоры Facebook парақшасында жариялаған ақпаратқа сәйкес, Қонаев қаласында екі полицей лауазымын асыра пайдаланып, 14 жастағы оқушы қызбен жыныстық қатынасқа түсіп, оны видеоға түсірген және мессенджерлерде таратқан.
"Олардың бірі – кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор, екіншісі – мекеме күзет полицейі. Қазір екеуі де қамауға алынып, жұмыстан қуылды", – деп жазылған "Немолчиkz" қоры жазбасында.
Қоғам белсенділері бас прокурор мен балалар омбудсменінен бұл істі бақылауға алуды сұрады.
Алматы облысы полиция департаменті NUR.KZ тілшісіне берген ақпараты бойынша, кәмелетке толмаған қыз балаға қатысты қылмыс жасады деп күдіктелген адамдар қамауға алынған. Алайда полиция күдіктілер тәртіп сақшылары екенін растаған жоқ.
"Биыл қарашаның 7-сі Алматы облысының 43 жастағы тұрғыны полицияға қоңырау шалып, бұған дейін бейтаныс екі тұлға оның кәмелетке толмаған қызына қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекетін жасады деп арызданған.
Сол күні Қылмыстық кодекстің 120-бабы 3-1-бөлігінің 1-тармағы бойынша екі қылмыстық іс тіркелді", – деп атап өтті ведомство баспасөз қызметі.
Ведомство мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары 2000 мен 2001 жылы туған күдіктілерді анықтап, ұстаған. Олар қамауға алынды.
"Жақын арада сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталып, қылмыстық іс бойынша материалдар сот қарауына жіберіледі", – деп қосты ведомство өкілдері.
Ведомство өкілі аталған іс бойынша Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайтынын айтты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2046317-almaty-oblysy-pd-policeiler-oqusy-qyzdy-zorlady-degen-aqparatqa-pikir-bildirdi/