Эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз: Астанада 639 науқас қызылша жұқтырғаны расталды
Жарияланған күні:
Читать на русскомАстана қаласы бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жанна Пірәлиева елордадағы қызылша ауруы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз екенін айтты. Оның айтуынша, науқастардың дені екпе алмаған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Елордада қызылша ауруына қатысты эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз деп баға беріліп отыр. Биыл наурыз айының басынан бері қызылша ауруы болуы мүмкін деген күдікпен барлығы 1648 жағдай тіркелді.
22 қарашадағы жағдай бойынша "қызылша ауруы" диагнозы 639 науқаста расталды, оның ішінде ересектер арасында 123 науқас және 15-19 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында 39 науқас, - деді Жанна Пірәлиева.
Жанна Пралиеваның сөзінше, 14 жасқа дейінгі балалар арасында қызылшамен ауырған 474 бала тіркелген, бұл барлық аурудың 74 пайызын құрайды
"Олардың ішінде ең көп ауру төрт жасқа дейінгі балаларда тіркелді, яғни 383 науқас немесе 80 пайыз. 383 баланың 90-ы 1 жасқа дейінгі балалар, яғни бұлар жасы бойынша екпе алатындар қатарына жатпайды", - деді ол.
Сонымен қатар сырқаттанғандардың 5 пайызы ғана қызылша ауруына қарсы екпе алған (34 науқас).
Екпе алмағандардың үлесі 95 пайыз (605 науқас), нақты дерек мынадай:
- 42,3 пайыз (256 науқас) – екпеден бас тартуға байланысты;
- 21,4 пайыз (129 науқас) – денсаулық себептеріне байланысты;
- ересектердің 21,4 пайызы (130 науқас) екпе алу туралы білмеген;
- екпе жасына жетпеген 1 жасқа дейінгі балалар – 14,9 пайыз (90 науқас).
Қазіргі таңда Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес қызылшаға қарсы екпе екі рет: 1 жаста және 6 жаста жүргізіледі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2047112-epidemiologiyalyq-zagdai-turaqsyz-astanada-639-nauqastyn-qyzylsa-auruy-rastaldy/