Павлодар қаласы әкімінің бұрынғы көмекшісі бас бостандығынан айырылды
Жарияланған күні:
Читать на русскомПавлодар қаласы әкімінің бұрынғы көмекшісі мен жер қатынастары бөлімінің басшысы сыбайлас жемқорлық үшін сотталды. Әкімнің экс-көмекшісі 7 жылға бас бостандығынан айырылса, бөлім басшысына айыппұл салынды, деп хабарлайды Павлодар қаласы №2 сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Сот ақпараты бойынша, жалпы төрт адам сотталған.
Әкімнің көмекшісі мен жер қатынастары бөлімінің басшысына қатысты Қылмыстық кодекстің 366-бабы (Пара алу) бойынша қылмыстық іс қаралса, үшіншісі сотталушыға қатысты Қылмыстық кодекстің 368-бабы (Пара беруге делдалдық) бойынша іс қозғалды, ал кәсіпкерге байланысты Қылмыстық кодекстің 367-бабы (Пара беру) бойынша іс қозғалған.
"Павлодар қаласы жер қатынастары бөлімінің басшысы бола тұра, ол 2023 жылдың наурызында делдал арқылы кәсіпкерден құзыретіне кіретін әрекеттері үшін, сондай-ақ жалпы қамқорлығы үшін 200 мың теңге көлемінде пара алған.
Делдал жер комиссиясына ұсыну үшін қасақана жалған құжат дайындап, 2023 жылдың наурызында лауазымды тұлғаға (жер қатынастары бөлімінің басшысына - ред.) 200 мың теңге мөлшерінде ақша берген", - делінген сот материалдарында.
Тергеу барысында 2023 жылдың шілдесінде кәсіпкер делдал арқылы Павлодар қаласы әкімінің көмекшісіне тағы 200 мың теңге көлемінде пара бергені, ал тамызда Павлодар қаласы әкімінің көмекшісі кәсіпкердің өзінен тағы 150 мың теңге алғаны анықталған.
"Әкімнің көмекшісі мен делдал мұнда аса белсенді рөл атқарғаны ескеріліп, ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысын бірнеше рет жасағаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Ал жер қатынастары бөлімінің басшысы кінәсін мойындағандықтан әрі асырауында үш баланың болуы ескеріліп, оған параның 50 еселенген сомасында айыппұл салынды - бұл 10 млн теңге", - деп жазады Павлодар қаласы №2 сотының баспасөз қызметі хабарламасында.
Кәсіпкер де жазаға тартылды. Оған 5 миллион 320 мың теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Сонымен қатар сотталған шенеуніктерге өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2050828-pavlodar-qalasy-akiminin-buryngy-komeksisi-bas-bostandygynan-aiyryldy/