Атырау облысында күйеу баласын пышақтап өлтірген күдікті әйел ұсталды
Жарияланған күні:
Атырау облысында 57 жастағы әйел отбасылық жанжал кезінде күйеу баласына пышақ сұғып алған. Қанды қылмыс Құлсары қаласында болған, деп хабарлайды КТК арнасы.
Арна мәліметіне сүйенсек, 27 жастағы жігіт жарақаттан тіл тартпай кеткен. Марқұм күдіктінің қызымен азаматтық некеде тұрған екен.
КТК арнасының мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары бұл отбасында жанжал жиі болатынын айтқан. Ал қайтыс болған азамат әйелін ұрып-соққаны үшін бірнеше мәрте әкімшілік қамауға алынған екен. Сондықтан пышақ сілтеген енесі қызын қорғау үшін осындай қадамға барды деген болжам бар.
Қазір сот-медициналық сараптама тағайындалып, адам өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалған.
"1996 жылы туған ер адамның бұрын отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бергені үшін екі рет әкімшілік қамауда болғаны анықталды. Қаза тапқан азаматтың әйелінен және көршілерінен, барлығынан жауап алынып, қылмыс құрамы тергеліп жатыр", - деді Атырау облысы полиция департаментінің ресми өкілі Мейірім Ердәулет.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2051999-atyrau-oblysynda-kuieu-balasyn-pysaqtap-oltirgen-kudikti-aiel-ustaldy/