Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қылмысты жасырмақ болғанын мойындады": Алматыда 7 жасар қыздың өліміне қатысты тың дерек айтылды

Жарияланған күні:

Кәмелетке толмаған қыз
Жасөспірім қыз. Көрнекі фото: SB Arts Media/Getty Images

Биыл жазда Алматыда 7 жасар қызды өлтірді деген күдікпен өгей шешесі қамауға алынған болатын. Кезекті сот отырысында жеткіншектің туған әкесі қылмысты жасырмақ болғанын мойындады, деп хабарлайды КТК арнасы.

Арна мәліметіне сүйенсек, кезекті сот отырысында марқұм қыздың туған әкесі жауап берген. Ер адам сотта бүлдіршін өзі құлады деп тергеушілерге жауап беруге әйелі көндіргенін айтқан. Ерлі-зайыптылар кішкентай Каринаның қазасына бір-бірін айыптаған.

"Сол күні сыртта жүргенімде әйелім Балжан телефон шалып "Мен оны өлтіріп алған сияқтымын, үйге кел" деді. Келсем, бала ваннада жатыр, киім-кешегі еденде. Алғашында тірі, қорылдап жатты. Маңдайы ісіп, денесі көгерген. Балжан маған полицияға "Бала ваннада өзі құлап қалды деп айтайық" деді. Мен сасқанымнан солай айттым", - деді марқұм қыздың әкесі Бәкен Ғалымжанұлы.

Арна мәліметіне сүйенсек, "Көкала қойдай болып жатқан" денені көрген полицейлер бұл жауапқа сенбеген. Қанды қылмысқа өгей шешесінің қатысы бары да көпке ұзамай әшкереленеді. Айыпталушы Балжан Тұрлыбек 7 жасар қыздың дәретін ескертпестен жіберіп қоятынын көтере алмапты. Дегенмен сотталушының өзі тағылған айыптармен келіспейді. Ол бұған дейін марқұм Каринаны әкесінің өзі талай рет ұрғанын айтқан болатын. Белбеумен сабап, бұрышқа тік тұрғызып қоятын деп отыр. Сондай-ақ келіншек судьядан істің бүге-шүгесіне дейін қарауды сұрады.

"Жалпы сол күні мен ұйқыдан не үшін оянып кеттім? Себебі, сен қызыңды өзің сабап жаттың. Қатты шудан ояндым да, саған ұрыса бастадым. "Тиіспеші" дедім. "Каринаны шомылдыр" дедім. Қарасам, ваннада қыз дәретін сындырып қойыпты", - деді айыпталушы Балжан Тұрлыбек.

Айта кетсек, қайғылы оқиға биыл шілдеде болды. Жеті жасар қыз өгей шешесінен төрт ай бойы таяқ жеп, ақыры қатты соққыдан жан тапсырған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2052000-qylmysty-zasyrmaq-bolganyn-moiyndady-almatyda-7-zasar-qyzdyn-olimine-qatysty-tyn-derek-aityldy/