Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Смадияров: Биыл елімізге 400-ден астам азамат отбасы мүшелерімен бірге эвакуацияланды

Жарияланған күні:

Айбек Смадияров
Айбек Смадияров. Фото: t.me/pressmfakz

25 желтоқсанда өткен брифингте Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров 2023 жылғы сыртқы саяси нәтижелері туралы айтты. Оның сөзінше, биыл елімізге шетелдегі төтенше жағдай кезінде 400-ден астам адам эвакуацияланған.

"Биыл біз сыртқы саяси тректе ауқымды жұмыс жүргіздік, Қазақстанда бірқатар ірі халықаралық іс-шаралар ұйымдастырылды және өткізілді. ҚР Мемлекет басшысының, Премьер-Министрінің, Сыртқы істер министрінің шет елдерге сапарлары өтті, сондай-ақ елімізге жоғары дәрежелі шетелдік қонақтар келді.

Қазақстанға ресми сапармен 32 мемлекет және үкімет басшылары, 24 сыртқы істер министрі және халықаралық ұйымдардың басшылары келді. Олардың ішінде Мажарстан, Ұлыбритания, Италия, Қырғызстан, Люксембург, Македония, АҚШ, Тәжікстан, Түркия, Түрікменстан, Өзбекстан, Швейцария, Оңтүстік Корея және т.б. сыртқы саяси ведомстволардың басшылары бар.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу осы жылы 23 елге барды, атап айтқанда Әзербайжан, Беларусь, Бельгия, Мажарстан, Қырғызстан, ҚХР, САК, Люксембург, Ресей, Румыния, Сербия, Солтүстік Македония, АҚШ, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және т.б. мемлекеттерге сапар жасады", - деді Смадияров.

Оның айтуынша, өткен жылы 34 халықаралық шартқа қол қойылды, оның ішінде мемлекетаралық шарт – 12, үкіметаралық шарт – 15 және ведомствоаралық шарт – 7 құжат.

Ол еліміздің сыртқы саяси қызметі халықаралық жағдайға, жаңа сын-қатерлер мен қауіптерге, сондай-ақ өзекті сыртқы саяси шындықтарға сүйеніп үнемі жетілдіріліп отыратынын атап өтті.

"Сыртқы істер министрлігінің негізгі міндеттері мемлекетіміз шекараларының периметрі бойынша қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, Қазақстанның өңірлік және жаһандық саясат субъектісі ретіндегі рөлін арттыру, ұлттық мүдделерді қорғау және қамтамасыз ету, сондай-ақ шет елдердегі қазақстандықтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау болып қала береді.

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы әлемнің 186 мемлекетімен дипломатиялық байланыс орнатты, ал біздің дипломатиялық қатынастарымыздың географиясы 71 мемлекеттегі 109 мекемені қамтиды (68 елшілік, 5 тұрақты өкілдік және халықаралық ұйымдар жанындағы 2 өкілдік, 1 дипломатиялық миссия, 21 бас консулдық, 10 консулдық, 1 елшілік бөлімшесі (Бонн, ГФР), 1 паспорттық-визалық қызмет (Үрімші, ҚХР).

Дәстүр бойынша өз баяндамамды консулдық қызмет бағыты бойынша мәселелерден бастағым келеді. Біздің жұмысымыздың бұл бағыты аса маңызды бағыттардың бірі, себебі шет елдерде азаматтарымыз бен бизнесіміздің құқықтары мен мүдделерін қорғауға ерекше басымдық береміз. Консулдық-құқықтық көмекке мұқтаж отандастарға тікелей және барынша көмек көрсететін қызметкерлер консулдар екені белгілі.

Қазақстан азаматтарының шет елдердегі заңды құқықтары мен мүдделерін сақтау мәселелері тұрақты негізде бақылауда. 2023 жылы консулдық мекемелерге азаматтардан 12 мыңнан астам өтініш келіп түсті, олардың басым бөлігі қанағаттандырылды (99,3%).

Жыл барысында Түркиядағы табиғи апаттар мен Таяу Шығыстағы әскери-саяси қақтығыстың шиеленісуі салдарынан Қазақстанға біздің 400-ден астам азамат отбасы мүшелерімен бірге эвакуацияланды (107 – Түркиядан; 166 – Израильдан; 127 – Газа секторынан)", - деді Смадияров.

Ресми өкілдің айтуынша, СІМ үйлестіруімен қазақстандық паспорттың мәртебесін арттыру бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. 2023 жылы визасыз елдердің тізімі түрлі санаттағы паспорттар бойынша 82 мемлекетке дейін кеңейтілді, соның ішінде 29 мемлекет ұлттық паспорттар бойынша кеңейтілді. Паспорттардың түрлі санаттары бойынша 3 жаңа елмен өзара визасыз режим туралы келісімдер жасалды, олар: Бангладеш (дипломатиялық және қызметтік паспорттар бойынша), Сейшел Аралдары және Сан-Марино (паспорттардың барлық түрлері бойынша).

Сонымен қатар 2023 жылы Қытай және Вьетнаммен ұлттық паспорт иелеріне визалық талаптардан босату туралы келісімдерге қол қойылды. Өздеріңіз білетіндей, ҚХР-мен визасыз режим күшіне енді. Вьетнаммен визасыз режим жақын арада тараптар барлық қажетті мемлекетішілік рәсімдерді аяқтаған кезде басталады.

Сондай-ақ қазақстандық азаматтар үшін Еуропа одағымен визалық режимін жеңілдету мәселелері бойынша ресми консультацияларды бастау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Қазақстан Республикасының азаматтары үшін еуропалық виза режимін жеңілдетудің бірінші кезеңдері ретінде:

1) визалық алымды төмендету;

2) өтінімдерді қарау мерзімдерін қысқарту;

3) көпмәртелі визалардың қолданылу мерзімін ұзарту мәселелері қарастырылуда.

Бұдан басқа, министрліктің маңызды міндеттерінің бірі мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттыру үшін оларды оңтайландыру және автоматтандыру болып табылады.

Бүгінгі таңда egov.kz порталындағы 17 қызметтің 9-ы қолжетімді. Шетелде азаматтық хал актілерін тіркеу, электрондық визалардың жекелеген санаттарын беру, консулдық есепке қою және алу, ҚР азаматтарының ЭЦҚ алу саласындағы қызметтер бойынша электрондық өтініш беру процесі автоматтандырылған.

Бұдан басқа, е-Лицензиялау порталында Қазақстандағы шетелдік инвесторлық қызметпен байланысты 2 мемлекеттік қызмет көрсету толық автоматтандырылған («Қазақстан Республикасының резиденті емес болып табылатын және Қазақстан Республикасының аумағында инвестициялық қызметті жүзеге асыратын тұлғалар үшін инвесторлық виза алуға өтініш беру», «Инвестицияларды жүзеге асыруды және инвестицияларды ұсынуды көздейтін инвестициялық жобаны іске асыруға инвестициялық келісімшарт жасасу бойынша инвестициялық артықшылықтар беру»).

Азаматтардың өтініштерін өңдеу мерзімдерін қысқарту мақсатында мемлекеттік ақпараттық жүйелер белсенді пайдаланылады.

"Қазақстанның Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, ҚР-дың 32 шет елдегі мекемелерінде біздің азаматтарымызға электрондық құжаттаманы енгізу бойынша пилоттық жоба сәтті іске асырылуда, бұл шет елдерде паспорттарды ресімдеу мерзімін 30 жұмыс күніне дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Бұған дейін бұл мерзім кемінде 90 күнді құраған және шетелде тұратын қазақстандықтар үшін белгілі бір қолайсыздықтар туғызған еді. Болашақта осы пилоттық жобаның географиясын кеңейту жоспарлануда. Бүгінгі таңда бұл мемлекеттік қызмет Бельгия, БАӘ, Ресей, АҚШ, Түркия, Өзбекстан, ГФР, Оңтүстік Корея және Жапония аумағында ҚР азаматтары үшін қолжетімді.

Көрсетілетін қызметті алушыларға ыңғайлы болу және «электрондық үкімет» порталының барлық қызметтеріне қолжетімділікті ұсыну үшін 85 шет елдегі мекемелерде ҚР азаматтарына ЭЦҚ беру жүзеге асырылады", - деді Смадияров.

Ол консулдықтарға баруды ыңғайлы жоспарлау және «ұзақ кезектің» қолайсыздығын болдырмау үшін «ҰАТ» АҚ-мен бірлесіп онлайн-брондау сервисі әзірленгенін айтты. Бұл сервис ҚР шет елдердегі 88 мекемесінде жұмыс істейді.

Азаматтардың өтініштерін «е-Өтініш» порталы арқылы шет елдердегі мекемелерде тікелей қарауға мүмкіндік берілген, бұл өтініш берушілерге жауап дайындау уақытын қысқартады (бүгінде 75 шет елдегі мекемелерде «е-Өтініш» қосылған).

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2052602-smadiyarov-biyl-elimizge-400-den-astam-azamat-otbasy-muselerimen-birge-evakuaciyalandy/