"Мемлекет қаржысы да үнемделеді": Шымкенттегі әуежай маңындағы үйлер бұзылмайтын болды
Жарияланған күні:
Шымкент әуежайының маңындағы үйлер бұзылмайтын болды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Шымкент қаласы әкімдігінің Instagram-дағы ресми парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Әкімдік мәліметінше, Шымкент қаласындағы әуежайдың санитарлық қорғау аймағында орналасқан нысандарға қатысты шешім өзгерген. Тиісті құқықтық-нормативтік актілер бойынша әуежайдың санитарлық қорғау аймағы 100 метрге дейінгі қашықтықты алып жатуы тиіс.
"Оған әуежай маңындағы 139 гектар жер кіреді. Сонымен қатар аталған аймақтағы 307 жер телімінде тұрғын үйлер орналасқан. Аталған мәселені шешу үшін 307 жер телімін мемлекет мұқтажына қайтарып алу жөнінде қаулы қабылданған болатын. Бағалау жұмыстары бұл мақсатқа 30 млрд теңге қажет екенін көрсетті.
Яғни, мемлекет мұқтажына қайтарып алудың қала бюджетіне салмақ түсіретіні анықталды. Сондықтан Шымкент әуежайына санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін қашықтықтан жаңа ұшу-қону жолағын салу туралы шешім қабылданды", - делінген әкімдік хабарламасында.
Осы орайда жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу үшін "Qazaq City Stroy" ЖШС-мен меморандум жасалған.
"Әуежайдағы жаңа ұшу-қону жолағының ұзындығы — 3 300 метр, ал ені 45 метр болады. Нәтижесінде халықтың баспанасы бұзылмайтын болды. Мемлекет қаржысы да үнемделіп, әуежайда заманауи ұшып-қону жолағы салынады", - дейді әкімдік өкілдері.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2052767-memleket-qarzysy-da-unemdeledi-symkenttegi-auezai-manyndagy-uiler-buzylmaityn-boldy/