"Инвестициядан пайда табуға уәде береді": Ұлттық банк желіде алаяқтардың белсенді бола бастағанын ескертті
Жарияланған күні:
Қазақстан Ұлттық банкі әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді пайдалана отырып жасалатын алаяқтықтың жиілеп кеткен жағдайлары туралы ескертеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ банктің ресми сайтына сілтеме жасап.
"Алаяқтықпен айналысатын топтар өздерін инвестициялық компаниялар ретінде таныстырып, танымал мессенджерлерде арнайы құрылған профильдерге сілтеме жасай отырып, әлеуметтік желілерде жарнаманы белсенді қолданады. Онда азаматтарды ақша қаражатын салуға шақырып, инвестициядан қомақты қаржылық пайда табуға уәде береді", - делінген ресми хабарламада.
Ұлттық банктің хабарлауынша, алаяқтар жалған лицензиялар мен басқа да құқық белгілейтін құжаттарды, оның ішінде Қазақстан Ұлттық банкі атынан берілгенді көрсететін жалған құжаттарды жариялайды.
"Қаскөйлер азаматтарды биржалық алым үшін біржолғы төлем жасауға үгіттейді. Бұл ретте азаматтарды инвестициялық табыс алуға қазақстандық криптовалюта биржасы немесе өзге де қаржы институттары кепілдік береді деп сендіреді. Алайда, қаражатты аударымынан кейін алаяқтар байланысқа шығуды тоқтатады", - деп мәлімдеді Ұлттық банктің баспасөз қызметі.
Ұлттық банк инвестициялар көмегімен жылдам табыс табу туралы ақпаратты қамтитын ресурстарда алаяқтық әрекеттің айқын белгілері бар екенін назарда ұстау үшін мәлімдейді. Себебі:
- Ұлттық банк жеке тұлғалардың шотына қызмет көрсетпейді, ақшалай есеп айырысулар мен мәмілелер жүргізбейді;
- Ұлттық банк мемлекеттік қорлардан табыс табу үшін қандай да бір платформаларды әзірлеуге қатыспайды;
- жарнамалық ресурстарда қысқа уақыт ішінде жоғары табысқа жалған кепіл беретін мәлімет қамтылады, бірақ байланыс ақпараты жазылмайды;
- инвестициялық қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар ұйымдардың тізбесі Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми сайтында жарияланған.
"Егер сіз немесе сіздің танысыңыз мұндай жағдайға тап болса, алаяқтық әрекеттерін анықтау үшін құқық қорғау органдарына тиісті арызбен жүгінген жөн", - делінген банк хабарламасында.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2052793-investiciyadan-paida-tabuga-uade-beredi-ulttyq-bank-zelide-alayaqtardyn-belsendi-bola-bastaganyn-eskertti/