Шымбұлақта халықтың ұзын-сонар кезегі пайда болды (видео)
Жарияланған күні:
Әлеуметтік желіде 1 қаңтар күні Шымбұлаққа келген халықтың видеосы тарап кетті. Осы орайда курорт өкілдері қала тұрғындары мен қонақтарына мәлімдеме жасап, адамдардың ағылып келіп жатқанына байланысты Шымбұлаққа ертерек келуге шақырды, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Кеше, 1 қаңтарда Шымбұлақ тау шаңғы курортына демалуға келген адамдардың видеосы желіде тарады. Бейнежазбада жиналған көпшіліктің толассыз кезекте тұрғанын көруге болады.
"Демалыс күндері Шымбұлақта осындай жағдай болды", - деп жазылған "НЕХабар" Telegram-каналында жарияланған видеоның астында.
Куәгерлердің бірі таңғы уақытта курортта аса көп адам болмағанын жеткізді. Сөзінше, ол кезде тұрақта орын болған. Алайда түске қарай жағдай күрт өзгеріп, адам саны көбейіп кеткен. Сағат 15:00-де Шымбұлақта ине шаншар жер болмай қалған.
Шымбұлақ өкілдері ресми Instagram парақшасында жазба жариялап, курорттың жұмыс уақытына байланысты хабарлама жасады. Ресми ақпаратқа сәйкес, 2 қаңтарда курорт 8:30-дан 00:00-ге дейін жұмыс істейді. Екі тариф қарастырылған: таңғы және толық.
- Таңғы тариф 8:30-дан 13:30-ға дейін (төмен түсу 13:30-ға дейін) жарамды.
- Толық күндік тариф 8:30-нан 17:00-ке дейін жарамды (төмен түсу 00:00-ге дейін).
"Құрметті қонақтар, түскі уақытта көлік қозғалысы көбейетіндіктен курортқа алдын ала келулеріңізді сұраймыз. Арқан жолына отыру үшін кезек күтілуде. Сағат 15:00-18:00 аралығында қонақтар ағыны көбейеді", - делінген ресми хабарламада.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2053555-ine-sansar-zer-zoq-symbulaq-okilderi-qala-turgyndaryna-malimdeme-zasady-video/