"Ауылына барар жолды таппай қалған": боран кезінде ер адам иен далада 10 сағат адасып жүрген
Жарияланған күні:
Ұлытау облысында далада адасқан ауыл тұрғыны құтқарылды. Ол боранда ауылға барар жолды таппай, 10 сағат адасып жүрген, деп хабарлайды ІІМ-нің Polisia.kz ресми ақпараттық медиа-порталы.
Ақпараттық медиа-порталдың мәліметіне сүйенсек, 2 қаңтар сағат 21.35-те Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданының полиция бөліміне КМG Security күзет фирмасының учаске бастығынан хабарлама келіп түскен. Ол Сейфуллин ауылында тұратын 43 жастағы күзетші жоғалып кеткенін айтқан.
Жаңа жыл қарсаңында ер адам Сейфуллин ауылынан 16 шақырым жерде орналасқан "Бестоған" нысанында ауысымда болған. Қыздарын мүмкіндігінше тезірек жаңа жыл мерекесімен құттықтағысы келген ол 2 қаңтарда сағат 17.00-де ауылына жаяу шыққан. Түстен кейін боран басталып, аяз күшейе түскен. Ер адам ауа райының қолайсыздығынан адасып кеткен.
Ал полиция бөлімінің қызметкерлері хабарлама түскен бойда іздеу шараларын ұйымдастырған. Адасқан ауыл тұрғынын іздеуге Жаңаарқа ауданы полиция бөлімінің барлық жеке құрамы, ТЖБ қызметкерлері және Сейфуллин ауылының тұрғындары жаппай кіріскен. Сондай-ақ техника, жол талғамайтын көліктер, қарда жүретін көліктер тартылған.
Сәтті ұйымдастырылған іздестіру шараларының нәтижесінде түнгі сағат 03.00 шамасында ер адам Сейфуллин ауылынан 40 шақырым жерден табылған. Оның айтуынша, боран басталғаннан кейін жолдан жаңылып, адасып кеткен. Ауылға барар жолды таппай далада 10 сағат тоқтамай жүре берген.
Табылған ауыл тұрғыны алдымен ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер ер адамның жағдайын қанағаттанарлық деп тапқан, бірақ бірнеше күн ауруханада болуды ұсынған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2053771-auylyna-barar-zoldy-tappai-qalgan-boran-kezinde-er-adam-ien-dalada-10-sagat-adasyp-zurgen/