Қарағанды облысында полицейлер 27 жастағы жүргізушіні 100 км бойы қуған (видео)
Жарияланған күні:
Қарағанды облысының полицейлері заңды талапқа бағынбаған жүргізушіні 100 километр жерге дейін қуған, деп хабарлайды Polisia.kz.
Тәртіп сақшылары ауа райының күрт өзгеруіне байланысты кейбір бағыттағы жолдар жабылғанын еске салды.
"Балқаштан Қарағандыға қарай бағыт алып келе жатқан Toyota Highlander автокөлігінің 27 жастағы жүргізушісі полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, жолдың қарсы бағытына шығып, Қарағандыға қарай бет алған.
Осы кезде патрульдік полиция батальонының взвод командирі А.Нақыпбеков және Шет аудандық полиция бөлімінің аға инспекторы Д.Әкімов аталған көлікті қызметтік автокөлікпен тоқтатпақ болған", - делінген хабарда.
Алайда жол талғамайтын көліктің жүргізушісі тәртіп сақшыларының алға шығып тоқтатуына кедергі жасап, жол бермеген. Сондықтан тәртіп сақшылары қосымша полиция жасағын шақырып, 100 шақырым жол жүріп, Абай ауданына қарасты Жұмабек елді мекенінде бірақ тоқтаған. Тәртіп сақшылары көлікті тоқтатқанымен, жүргізуші көлік ішінен шықпай, полицейлерді біраз әуре-сарсаңға салған.
"Кейін көлікті мәжбүрлі түрде ашу туралы ескертпеден кейін, ол есігін ашқан. Көліктен шыққаннан кейін жүргізуші полицейлерге қарсылық танытып, оған қатысты қоян-қолтық ұрысының әдістері қолданылды", - дейді полиция өкілдері.
Құқық бұзушы Шет аудандық полиция бөліміне жеткізілген. Оған қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің үш бабы, яғни жолдың қарсы бағытына шығу, жол-көлік оқиғасын жасауға жағдай тудыру, ішкі істер органы қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбау бойынша хаттама толтырылған. Жинақталған материалдар сотқа жолданған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2054155-qaragandy-oblysynda-policeiler-27-zastagy-zurgizusini-100-km-boiy-qugan-video/