"Қазынадан 1,8 млрд теңге бөлінген": Таразда аудан тұрғындары су 2 сағатқа ғана берілетініне шағымданды
Жарияланған күні:
Тараздағы "Химиктер" тұрғын үй алабының тұрғындары ауызсудан тарығып отыр. Бұл ауданда аяз күндері ескі құбыр қатып, су келмей қалады, деп хабарлайды 24KZ.
Жаңа құбыр тарту жұмыстары бірнеше жылдан бері аяқталар емес. Тұрғындардың бірі Халима Рүстембекова "Химиктер" тұрғын үй алабына 10 жыл бұрын қоныстанған. Су ауласына келіп тұрғанымен, бірде бар, бірде жоқ. Себебі өткен ғасырдың 60-жылдары жүргізілген ескі құбыр әр жерден тесіліп, қатты аязда су қатып қалады.
"Бұрыннан салынған мұнара ғой. Содан су алып, су ішеміз. Енді жазда "нормально" болды. Қыста қиналамыз, қатып қалады. Жаңа келе жатқан су құбыры қатып қалады", - дейді қала тұрғыны Халима Рүстембекова.
Тағы бір тұрғын Баян Алтаева су келмей, қысымен суды тасып ішкенін айтады. Ол су 2-ақ сағатқа берілетінін айтқан.
Химиктер алқабында 400-ге жуық абонент бар. Тұрғын үй алабы 5 жыл бұрын 27 саяжаймен бірге қала құрамына кірді. Қала билігі елді мекендегі су мәселесін шешу үшін орталықтандырылған ауызсу құбырын жүргізе бастаған.
"60 пайыз үйлеріңізге кіргізсеңіздер, желтоқсанда, қарашаның аяғында су беріледі деген. Үйге кіргізіп алдық, тапа-тал бәріміз кіргізіп алдық. Әлі жоқ. Енді 6-7 градус аяз болғанда мынандай жерде жатыр, ал ол қатып қалады ғой", - дейді қала тұрғыны Алтынгүл Серікбаева.
Телеарна тілшілерінің айтуынша, тұрғындар мұнда орталықтандырылған ауызсу желісі 2 жыл бұрын жүргізіле бастағанын айтқан. Бірақ содан бері құрылыс жұмыстары әлі аяқталмаған көрінеді. Салдарынан қазылған көшелер батпақ болған күйде жатыр.
Құрылыс жұмыстарына қазынадан 1,8 миллиард теңге бөлінген. Жоспар бойынша тұрғындар 2023 жылы таза ауызсуға қосылуға тиіс еді. Бірақ құрылыс тағы бір жылға созылған.
"Келісімшарт бойынша 31 желтоқсанда аяқталуы керек болатын. Дегенмен бұл жерде қаражат толық бөлінген жоқ еді. Жергілікті бюджеттен 57 миллион бөліну керек. Соған байланысты бұл 2024 жылға өтпелі болып отыр бұл жоба. Шиелі көшесінде әлі су құбырының желісі жүргізілген жоқ. Осы 57 миллион қалып отырған сома, соның ішінде қамтылады", - дейді қала әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил.
Жауаптылар жұмыстың басым бөлігі аяқталғанын айтады. Енді тазалық жұмыстары жүргізіліп есептеуіш құрылғылар орнатылса, көктемде халық таза суға қосылады. Әзірге алқап тұрғындары ескі су мұнарасын пайдалануға мәжбүр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2054309-qazynadan-18-mlrd-tenge-bolingen-tarazda-audan-turgyndary-su-2-sagatqa-gana-beriletinine-sagymdandy/