"112 миллион теңгеге сан соқтырған": Маңғыстау облысында қылмыстық топ ұсталды
Жарияланған күні:
Маңғыстау облысында қылмыстық топ мүшелері ұсталды. Олар жұмысқа тұрғызу және жылжымайтын мүлік пен автокөлікті арзанға әпереміз деп алаяқтық жасады деген күдікке ілінген. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Ұстау шарасын өңірдегі ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері өткен жылы жүргізген белгілі болды.
Күдіктілер мұнай компанияларының біріне жұмысқа орналастыру, сондай-ақ автокөліктер мен жылжымайтын мүлікті алып-сату сылтауымен 112 млн теңгеден астам қаражатты иемденген.
Қазіргі уақытқа дейін бұл қылмыстық топтың әрекетінен елдің түрлі өңірінен 20 адам зардап шеккенін айтып, полицияға жүгінген.
"Ұсталғандардың тұрғылықты жері мен жұмыс орны бойынша тінту жүргізілді. Заттай дәлелдемелер тәркіленді. Қазіргі уақытта топтың үш мүшесі қамауда. Қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Олар ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оны басқарды және оның қызметіне қатысты деп айыпталуда. Тергеу мүддесі үшін өзге мәліметтер жария етілмейді", - деді ҚР ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2054720-112-million-tengege-san-soqtyrgan-mangystau-oblysynda-qylmystyq-top-ustaldy/