Үкімет Маңғыстау облысының аумағын кеңейтті
Жарияланған күні:
Қазақстан үкіметі Каспий теңізіндегі аумақтық суларының енін есептеп шығаруға арналған бастапқы сызықтар арасындағы жерді облыс аумағына қосу арқылы Маңғыстау облысының шекарасын өзгертті. Бұл туралы үкімет шығарған қаулыға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Жарияланған қаулыға Қазақстанның премьер-министрі Әлихан Смайылов қол қойған.
"Маңғыстау облысының шекарасы мен Каспий теңізіндегі Қазақстан Республикасының аумақтық суларының (теңізінің) енін есептеп шығаруға арналған бастапқы сызықтар арасындағы жалпы ауданы 721940,2365 гектар жерді облыс аумағына қосу арқылы Маңғыстау облысының шекарасы өзгертілсін", - делінген қаулы мәтінінде.
Маңғыстау облысының әкімдігіне осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдау тапсырылған.
Маңғыстау облысының шекаралары мынадай болып белгіленген:
- солтүстік шекарасы Атырау облысының әкімшілік бағынысындағы аумақтардың қазіргі шекаралары арқылы;
- солтүстік-шығыс шекарасы Ақтөбе облысының әкімшілік бағынысындағы аумақтардың қазіргі шекаралары арқылы;
- оңтүстік шекарасы Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасы арқылы;
- оңтүстік-шығыс шекарасы Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасы арқылы;
- батыс шекарасы Каспий теңізіндегі Қазақстан Республикасының аумақтық суларының (теңізінің) енін есептеп шығаруға арналған бастапқы сызық бойымен өтеді.
Қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік 10 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2055469-ukimet-mangystau-oblysynyn-aumagyn-keneitti/