Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Адамгершілігі мол, іскер азамат еді": әріптестері Үшаралда қаза тапқан депутат туралы айтып берді

Жарияланған күні:

Читать на русском
Дәурен Слямов
Дәурен Слямов. Фото: vk.com парақшасынан

Жетісу облысы Алакөл аудандық мәслихатының депутаты Дәурен Слямовтың қандай адам болғанын әріптестері айтып берді. Ол таяуда Үшарал қаласында пышақ жарақатынан қаза тапқан еді.

Алакөл ауданы әкімі аппаратының басшысы Дамир Сатыбалдиевтің айтуынша, Дәурен Слямов іскер, адамгершілігі мол азамат болған.

"Дәурен жақсы отбасынан шыққан, 2013 жылы жеке кәсібін ашып, басқарды. 10 жылдан астам уақыт ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосты.

2023 жылы аудандық мәслихаттың VIII шақырылымының депутаты болып сайланды. Ол қызметінде іскерлік және кәсіби қабілетін барынша көрсете білді.

Ол екі бала тәрбиелеп өсірген жақсы отағасы болды. Отбасына, туған-туыстарына және жақындарына көңіл айтамыз", - деді Дамир Сатыбалдиев.

Оның сөзінше, қазір мәслихат депутатының өліміне қатысты аудандық ішкі істер бөлімі тергеу жүргізіп жатыр.

Алакөл ауданы әкімдігінің ресми сайтының мәліметінше, 2023 жылғы 19 наурызда өткен аудандық мәслихат сайлауының қорытындысы бойынша №3 сайлау округінен 1989 жылы туған Дәурен Слямов депутат болып сайланған. Ол Үшарал қаласындағы "Слямов" ЖК басшысы болған.

Еске салайық, кеше, 15 қаңтарда аудандық мәслихат депутаты Дәурен Слямов қаза тапқаны хабарланған. Бұл дерек бойынша бірқатар сараптама тағайындалып, қылмыстық іс қозғалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2055843-adamgersiligi-mol-isker-azamat-edi-ariptesteri-usaralda-qaza-tapqan-deputat-turaly-aityp-berdi/