Маңғыстаулық жігіт күнде 10 километр жердегі жұмысына жүгіріп барады
Жарияланған күні:
Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданының тұрғыны Жандос Жұмабаев күн сайын Ақтаудағы жұмысына жүгіріп барады. Оның үйінен қызмет орнына дейінгі арақашықтық - 11 шақырым. Демек, Жандос күнделікті 22 шақырым жүгіреді, деп хабарлайды 24.kz.
Басқұдық ауылында тұратын Жандос Жұмабаев 4 жылдан бері қысы-жазы күнделікті жүгіруді әдетке айналдырған.
Ол күнделікті сағат 6-да ұйқыдан тұрып, жұмысына жүгіріп жетеді. Таңғы асын ішіп, қызметтік форма киіп, 9-да басталатын қызметіне тас-түйін дайын отырады.
"Қарасам, үйге жүгіру жақын сияқты. 10 километр. Басында қиындау болды енді, бірақ мен оған дейін де жүгірдім. Машинам жоқ астымда. Одан да жаяу барып-келгенім дұрыс шығар деп ойладым. Денсаулыққа пайдалы бір жағынан. Бір жағынан үйге жақын. Тек аяқ киімнің жауы демесең", - дейді желаяқ Жандос Жұмабаев.
Ол осылайша таксиге мінуден бас тартқан.
Телеарна тілшісінің мәлімдеуінше, Жандос өңірдің кәсіби желаяқтар клубына мүше екен. Мұндағы дайындық аптасына 3 күн таза ауада өтеді. Кейбір кезде ол жаттықтырушыға көмектесіп, жүгіруді енді бастаған азаматтарды спортқа баулып жүр.
Жаттықтырушысы Иван Кириченко Жандоспен алғаш танысқан кезінде оның спортқа деген ынтасына таңғалғанын айтады.
"Жандос – жүгіруден алдына жан салмайтын спортшылардың бірі. Кейінгі екі жылдан аса уақытта жаттығудан мүлде қалып көрген емес. Тұмау тиіп, сырқаттанып қалған кезімде жаттығуды ол өткізеді", - дейді жаттықтырушы.
Жандос Жұмабаев 2020 жылдан бері Ақтауда өткен марафондарға тұрақты қатысады әрі әр кез сайын оның есімі үздік үштіктің қатарында аталады. Оның ендігі арманы – басқа қалада, тіптен әлем елдерінде жүгіруден өтетін жарысқа қатысу.
Төрт баланың әкесі салауатты өмір салтын ұстанып, көпке үлгі көрсетіп келеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2056253-mangystaulyq-zigit-kunde-10-kilometr-zerdegi-zumysyna-zugirip-barady/