Кентаудағы білім беру мекемелерінің бірінде мұғалімнің көмекшісі балаларға күш көрсеткен
Жарияланған күні:
Түркістан облысы бойынша адам құқықтары жөніндегі өкіл лицей оқушыларына қатысты физикалық күш қолдану фактісі анықталғанын мәлім етті. Бұл туралы адам құқықтары жөніндегі уәкіл Telegram-дағы ресми арнасында хабарлады.
Оқиға Кентауда болған. Лицей-интернат оқушыларының бірінің анасы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Түркістан облысы бойынша өкіліне хабарласып, баласына, сондай-ақ басқа оқушыларға білім беру мекемесі мұғалімінің көмекшісі физикалық және психологиялық зорлық-зомбылық көрсетіп жатқанын жеткізген.
"АҚЖУ өкілі оқушылардың ата-аналары, қалалық прокуратура және Түркістан облысы білім басқармасы өкілдерінің қатысуымен жедел қабылдау ұйымдастырып, нәтижесінде білім басқармасына сауал жіберілді", - делінген хабарламада.
Тексеру барысында күш қолдану және моральдық қысым көрсету фактілері расталып, мұғалім көмекшісінің лицейде волонтер болып жұмыс істегені де белгілі болды. Онымен ынтымақтастық тоқтатылған.
Сонымен қатар қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін лицей-интернатының директоры, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, тәрбие психологы, сынып жетекшісі сөгіс түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2056477-kentaudagy-bilim-beru-mekemelerinin-birinde-mugalimnin-komeksisi-balalarga-kus-korsetken/