"Жақында мәжіліске түседі": Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң әзірленді
Жарияланған күні:
Сенатор Жанна Асанова тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң әзірленгенін, бұл салада нақты не өзгеретінін айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Бұл ақпаратты Жанна Асанова Facebook желісіндегі парақшасында жариялады.
Ол ресми деректер бойынша 2023 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан 69 әйел мен 7 бала көз жұмғанын, құқыққорғау органдарына тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 99 мыңнан астам арыз түскенін, балаларға қатысты 2452 қылмыс жасалғанын еске салып өтті.
"Біз, сенат депутаттары, естеріңізде болса, үкіметке сауал жолдаған едік, жауап тез келді, бірақ мен оны жазбадым, нақты шешімді күтуді жөн көрдім.
Жалпы, осы кезеңде түрлі алаңдарда көптеген пікірталас жүріп, мен қоғам белсенділерімен де, бала құқықтары жөніндегі омбудсмендермен де, мемлекеттік органдармен де тығыз байланыста болдым", - деп жазды депутат.
Ол сарапшылардан, Әйелдер құқықтары жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелерінен, Бала құқықтары жөніндегі уәкілден, мемлекеттік органдардан, заңгерлерден құралған үлкен топ жұмыс істегенін атап өтті.
"Құжат дайын, жақында мәжіліске түседі", - деді сенатор.
Оның айтуынша, заң жобасында:
- зорлық-зомбылықты қылмыс деп тану, яғни ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру үшін қылмыстық жауапкершілік (қазір олар ӘҚБтК-де);
- оны жария айыптау істері санатындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар қатарына жатқызу;
- жазаларды қатайту және балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрі бойынша тараптардың татуласуына жол бермеу қарастырылған.
Алдын алу бойынша:
- отбасылар мен балаларға көмек көрсету инфрақұрылымын құру (Отбасын қолдау орталықтарын, балаларға психологиялық қолдау көрсету орталықтарын ашу);
- Қылмыстық кодексте ерекше талаптар, оның ішінде агрессормен психологиялық жұмыс.
Бұған қоса мемлекеттік органдар Динара Зәкиеваның командасымен бірлесе отырып, қорғаншылық қызметкерлерінің санын 1650 адамға (қазіргі уақытта республика бойынша 309) жеткізу бойынша жұмыс жүргізіп жатқаны мәлім болды.
"Енді ең бастысы – тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайын түзету, бірақ мұны бірлесіп қолға алу керек. Мәжіліс пен сенаттағы заңды талқылауға қосылыңыздар, оны қорғау керек, қоғамның қолдауынсыз депутаттарға қиын болмақ", - деді сенатор.
Еске салсақ, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Егемен Қазақстан" газетіне берген көлемді сұхбатында елдегі отбасылық зорлық-зомбылық мәселесі туралы сұраққа жауап беріп, елде әзірленіп жатқан және қабылданған заңдарға тоқталған еді.
"Мұндай қылмыстардың алдын алып, жолын кесу үшін менің тапсырмаммен нақты шаралар қабылдануда. Әйелдер мен балаларға жасалған зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстарды тергеумен әйел тергеушілер айналысатын болды. Сондай-ақ ішкі істер органдарында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғаумен шұғылданатын мамандардың штаты қалпына келтіріліп, олардың құзыреті күшейтілді", - деді президент.
Тоқаев заңсыздық пен қатыгездікке бір кісідей, батыл қарсы тұруымыз керек екенін айтты. Сондай-ақ, президенттің пікірінше, қоғам нормалар мен ережелердің және жалпы адамзатқа ортақ құндылықтардың аяқасты болуын қатаң айыптап, онымен бірлесе күресуі керек.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2056665-zaqynda-maziliske-tusedi-qazaqstanda-turmystyq-zorlyq-zombylyqqa-qarsy-zan-azirlendi/