Автобус апатынан кейін "Майқайыңалтын" компаниясының 40-тан астам қызметкерінен жауап алынды
Жарияланған күні:
Павлодар облысы полиция департаментінің тергеу басқармасы "Майқайыңалтын" АҚ аумағында адам өліміне әкеп соққан тау-кен жұмыстарын жүргізу қауіпсіздігі ережелері бұзылғанына байланысты қылмыстық іс қозғап, тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Павлодар облысы прокуратурасының ресми сайты.
Павлодар облысы ПД тергеу басқармасы мәліметіне сүйенсек, 4 қаңтарда Баянауыл ауданы Майқайың кентіндегі "Майқайыңалтын" АҚ аумағында болған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 277-бабы 3-бөлігіне (Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу) сәйкес қылмыстық іс тергеліп жатыр.
"Қазіргі уақытта оқиға орнына жол салу үшін топырақ шығарылып, геосканерлеу жүргізіліп жатыр әрі шағын көлемді экскаваторлар түсірілді. Екі құтқарушыны іздеу жалғасуда. Тау жыныстарының тұрақсыздығына және шұңқыр астында қуыс жерлер пайда болып, топырақ басуына байланысты жұмыстар қиындай түскен. Іздеу-құтқару жұмыстарына 147 адам, 45 техника, 3 кинологиялық есеп және 2 ұшқышсыз ұшу аппараты жұмылдырылған", - делінген прокуратура сайтында.
Қылмыстық істі тергеу аясында кәсіпорынның 40-тан астам қызметкерінен, сондай-ақ ЖШС басшылығынан жауап алынды, сондай-ақ қажетті құжаттар, бейнебақылау камераларынан жазбалар алынды.
Іс бойынша жолдың опырылып құлау себептерін анықтау үшін елдің түрлі аймағынан тау-кен-құрылыс жұмыстары саласының мамандарын тарта отырып, бірқатар сараптама тағайындалды. Тергеу Бас прокуратураның бақылауында.
Жолдың опырылуы салдарынан тау-кен карьеріне жолаушылары бар автобус құлағаны анықталды. Апат кезінде автобустың ішінде апаттық-құтқару қызметінің 4 қызметкері бар. 2 адамның денесі сол күні шығарылды.
Тау-кен жұмыстарын жүргізу қауіпсіздігі ережелерін бұзу бойынша тергеу жөніндегі комиссия құрылды.
Іс бойынша процессуалдық прокурорлар тағайындалды.
Ведомство дерегінше, қазба орнынан автобустың бірнеше фрагменті мен құтқарушылардың жеке жабдықтары жер бетіне шығарылған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2056962-avtobus-apatynan-keiin-maiqaiynaltyn-kompaniyasynyn-40-tan-astam-qyzmetkerinen-zauap-alyndy/