Алматыда ұйымдасқан қылмыстық топтың екі мүшесі сотталды: үшеуі іздеуде жүр
Жарияланған күні:
Алматыда ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері банктік шоттардан ақша қаражатын қолма-қол ақшаға айналдырып, жалған мәмілелер бойынша шот-фактураларды жазумен айналысқан. Аталған деректі Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) аумақтық департаменті тергеді, деп хабарлайды ҚМА Telegram-дағы ресми арнасында.
"А.Абдуллаев бастаған ұйымдасқан қылмыстық топтың (ҰҚТ) 5 мүшесі 2018 жылдан 2022 жылға дейінгі кезеңде жүйелі түрде бақылауындағы 15 компания мен 170-тен астам жеке кәсіпкердің банктік шоттары арқылы 11,7 млрд теңгені қолма-қол ақшаға айналдырғаны анықталды", - делінген хабарламада.
Ведомство ақпараты бойынша, сот үкімімен ұйымдасқан қылмыстық топ ұйымдастырушысы мен қатысушылардың бірі кінәлі деп танылып, жалпы режимдегі колонияда 6 әрі 7,5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Сонымен қатар сотқа дейінгі тергеу аясында аталған қылмысқа қатысы бар ҰҚТ-ның тағы үш мүшесі халықаралық іздестіруге жарияланды.
"Жалған мәмілелер жасасу, қаражатты заңсыз қолма-қол ақшаға айналдыру ел бюджетіне миллиардтаған салықтардың түспеуіне әкеліп соғады. Экономикалық қылмыстың бұл түрі мемлекеттік әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға, зейнетақы мен жәрдемақыларды төлеуге, жаңа жол, аурухана, мектеп салуға кедергі келтіреді", - делінген Қаржылық мониторинг агенттігі баспасөз қызметінің хабарламасында.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2057012-almatyda-uiymdasqan-qylmystyq-toptyn-eki-musesi-sottaldy-useui-izdeude-zur/