Астаналық келіншек егізден кейін үшем тапты
Жарияланған күні:
Елордада биылғы алғашқы үшем №2 қалалық көпсалалық ауруханада дүниеге келді. Оларға Әміре, Әлихан, Әмірхан деген есімдер қойылды, деп хабарлайды "Қазақпарат" ХАА.
Басылым тілшісінің хабарына қарағанда, 25 жастағы Ажар Қабитова тұңғыш қызы мен егіз баласынан кейін бірден үш ұлды дүниеге әкелген. Осылайша, жас отбасы алты баланың ата-анасы болды.
"Балалардың атын әлі қоймадық. Әзірге Әміре, Әлихан, Әмірхан деп ойлап отырмыз. Бес күн дәрігерлер қарауында болдық, бәрі жақсы. Ертең перзентханадан шығамыз", - деді Ажар басылым тілшісіне берген сұхбатында.
Ажар Қабитова - Семей қаласының тумасы. Астана қаласында Қазақ мемлекеттік заң университетінде білім алған, мамандығы - заңгер. 2020 жылы тұңғыш қызын, 2022 жылы - егіз ұл мен қызын босанған.
Ал 18 қаңтар күні жүктіліктің 34-аптасында кесарев тілігі арқылы үшемдер туған. Үш ұлдың салмағы - 2 300, 2 550 3 000 грамм.
"Перинаталдық орталықтың мамандары мен дәрігерлеріне алғыс айтамын. Өмірімнің осы маңызды сәтінде сіздердің қамқорлықтарыңыз, жылулықтарыңыз және кәсібилігіңіз сенімділік пен қауіпсіздік атмосферасын құрды. Жаңа өмірдің басталуына қосқан үлестеріңіз үшін рақмет!" - деп жазды Ажар әлеуметтік желідегі парақшасында.
Сондай-ақ жас ана көмекші мен бала күтуші алмайтынын, барлық балаға өзі қарайтынын жазған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2057155-astanalyq-kelinsek-egizden-keiin-usem-tapty/