Маңғыстау облысында мүгедектігі бар жасөспірімді бір топ жеткіншек соққыға жыққан
Жарияланған күні:
Читать на русскомМаңғыстау облысындағы ауылдардың бірінің тұрғыны кәмелетке толмаған мүгедек баласын бір топ жеткіншек ұрып-соққанын айтты. Полиция оқиғаға қатысты түсінік берді.
Lada.kz басылымының мәліметінше, анасы былтыр қыркүйекте ұлын бір топ жеткіншек соққыға жыққанын айтқан. Соққыдан жарақат алғаннан кейін жасөспірімде селкілдек ұстамасы пайда болды, оған "2-дәрежелі эпилепсия" диагнозы қойылып, үшінші топтағы мүгедектік тағайындалды.
Жеткіншекті бұдан кейін тағы да ұрып кеткен.
"Білмеймін, мүмкін бұлар бір адамдар шығар. Бұған дейін соққыға жыққан кінәлілер жазаланған жоқ. Тергеу жалғасуда. Енді тағы да ұрып кеткен. 20 қыркүйек, сағат 06:30 шамасында болды. Ұлым мен оның досы дүкеннің жанында тұрған, ұлымның айтуы бойынша оны 8-10 жасөспірім ұрған", - деді анасы.
Оның айтуынша, жасөспірімді ұрып-соққандар анықталған, бірақ полицейлер қылмыстық іс қозғамаған, тек ұсақ бұзақылық жасағаны үшін оларға әкімшілік хаттама толтырлған.
"Сот-медициналық сараптама әлі тағайындалған жоқ. Біз әділдік пен қауіпсіздікті қалаймыз", - дейді зардап шеккен баланың ата-анасы.
inAktau басылымынң жазуынша, Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі Ақтауда жеткіншектерді алдымен әкімшілік жазаға тартқанын растады. Облыстық ПД өкілдері кейінірек 14 жастағы жасөспірімді ұрып-соғу ісі әкімшілік істен қылмыстық іске ауыстырылғанын мәлім етті.
14 және 15 жастағы екі мектеп оқушысы қылмысты жасады деген күдікке ілінген.
"Дене жарақатының ауырлығын анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды. Бұл факт Қылмыстық кодекстің 293-бабы (Бұзақылық) бойынша тіркелді. Тергеу мүддесі үшін басқа мәліметтер жария етілмейді", - делінген ведомство хабарламасында.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2057190-mangystauda-mugedektigi-bar-zasospirimdi-bir-top-zetkinsek-soqqyga-zyqqan/