20 млн пайда тапқан: ШҚО-да қолдан жасалған ҰБТ сертификаттарын сатқан күдікті ұсталды
Жарияланған күні:
ШҚО аумағында 20 млн теңгеге жуық сомаға ҰБТ өткендігі туралы жалған сертификаттар сатылған. Бұл туралы бүгін брифингте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ресми өкілі Арман Тілеукенов мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
ШҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Өскемен қаласының тұрғынына және алаяқтық туралы іс бойынша басқа адамдарға қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады.
Ведомствоның мәліметінше, бірнеше тұрғын алдау арқылы аса ірі мөлшерде азаматтардың ақшалай қаражатын иемденген.
"Тергеу барысында 2022 жылдың маусымы мен 2023 жылдың шілдесі аралығында тестілеуден сәтті өткендігі туралы сертификат беру сылтауымен әйел 52 азаматтың жалпы сомасы 17,4 млн теңгеге ақшалай қаражатын иемденгені анықталды. Бір жалған сертификаттың құны 200 мыңнан 700 мың теңгеге дейін өзгеріп отырған.
Сондай-ақ күдікті ҰБТ-ны сәтті өткені туралы сертификат ұсыну сылтауымен облыстың 2 тұрғынының жалпы сомасы 2,4 млн теңгеге ақшалай қаражатын иемденген", - деді брифинг барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ресми өкілі Арман Тілеукенов.
Осылайша материалдық залалдың жалпы сомасы - 19,8 млн теңге.
Сотқа дейінгі тергеу аясында қаржылық тергеу де жүргізілген. Оның нәтижелері бойынша залалдың орнын толтыруды қамтамасыз ету үшін қылмыстық іс бойынша айыпталушының автокөлік құралына тыйым салынды.
Соттың санкциясымен күдікті үй қамауына алынды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2057344-20-mln-aqsany-qaltaga-basqan-sqo-da-qoldan-zasalgan-ubt-sertifikattaryn-satqan-kudikti-ustaldy/