Ұлытау облысында "Охотзоопром" қызметкерлеріне күш қолданылды: оқиғаға байланысты министрлік өкілдері пікір білдірді
Жарияланған күні:
Өткен аптада Ұлытау облысындағы жергілікті тұрғындар "Охотзоопром" ӨБ республикалық мемлекеттiк қазыналық кәсіпорны қызметкерлеріне физикалық күш қолданған. Экология министрлігінің өкілдері болған жайтқа байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің ресми сайты.
Аталған жайт 16 қаңтарда Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданы Қызылжар кентінің маңында болған.
Ведомство ақпараты бойынша, аңшы аудандағы киіктер санын реттеу жұмыстарын жасалған келісімшартқа сәйкес, автокөлік пен қосымша жарық көздерін қолдана отырып, түнгі уақытта ату әдісімен жүргізген. Тиісінше, таңертең киіктер санын реттеу жұмыстары жүргізілген аумақты айналып өтіп, жаралы аңдарды жинап алу жүзеге асырылады.
Сондай-ақ ведомство баспасөз қызметінің ресми сайтында биологиялық негіздемеге сәйкес, алынатын дарақтардың жалпы санының 10 пайыз мөлшерінде жаралы аңдардың қалдықтарына жол берілетіні жазылған. Яғни аңдарды ату барысында аңшыларға жалпы белгіленген норманың ішінде тек 10 пайызын атқан кезде мүлт кетіп, аңды жаралауға рұқсат берілген.
"Алайда жанжал барысында жергілікті тұрғындар киіктердің өлексесін жинауға жол бермеген. Тұрғындардың талаптары бойынша атылған аңдардың ұшалары Жаңаарқа ауданы полиция бөліміне тапсырылды", – делінген хабарламада.
Бұл дерек бойынша тергеу жүргізіліп жатыр, онда жергілікті тұрғындар мен "Охотзоопром" инспекторларының іс-әрекеттеріне тергеу амалдары аяқталғаннан кейін құқық қорғау органдары құқықтық баға береді.
Оған қоса ведомство өкілдері киіктердің санын реттеу жұмыстары мемлекет үшін мәжбүрлі шара екенін айтты, яғни ешқандай да коммерциялық пайда көзделмейді.
"Киіктер әрі қарай өңдеуге әрі елге сату үшін ет комбинаттарына өткізіледі. Осылайша аңшылардың қызметтеріне жұмсалған барлық қаражат олардың атылған ұшалары есебінен өтеледі", – дейді ведомство өкілдері.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2057363-ulytau-oblysynda-oxotzooprom-qyzmetkerlerine-sabuyl-zasaldy-oqigaga-qatysty-ekologiya-ministrligi-tusinikteme-berdi/