"ҚазТрансГазАймақ" филиалына бірнеше миллион теңге айыппұл салынды
Жарияланған күні:
"ҚазТрансГазАймақ" АҚ Батыс Қазақстан облысындағы филиалына жалған ақпарат бергені үшін 5 миллион теңгеден астам айыппұл салынды, деп хабарлайды Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің ресми сайты.
Ведомство ақпараты бойынша, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті "ҚазТрансГазАймақ" АҚ Батыс-Қазақстан өндіріс филиалы атына сұрау хаттар жолдады.
Департамент жіберген сұрау хатта "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ тауарлық газды бөлшек саудада өткізу шартында тауарлық газға ақы төлеу шарттарында көрсетілген талаптарға байланысты өтініші қаралған.
Дегенмен "ҚазТрансГазАймақ" АҚ сұрау хатқа берген жауабында шарт талаптары Қазақстанның барлық коммуналдық-тұрмыстық тұтынушысы үшін бірыңғай екендігіне сендіріп, жалған ақпарат көрсеткені белгілі болды.
"Филиал монополияға қарсы органға дұрыс емес әрі (немесе) жалған ақпарат бергендігі анықталды. Өйткені кейбір шарттарда коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылармен жасалған шарттарды іріктеп талдау кезінде талаптар басқа редакцияда жазылып, әр түрлі шарттар қолданылғаны белгілі болды", – деп жазылған хабарламада.
Осылайша департамент "ҚазТрансГазАймақ" АҚ-ға байланысты монополияға қарсы органға дұрыс емес ақпарат беру дерегі бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің (ӘҚБтК) 162-бабына сәйкес, әкімшілік іс қозғады.
Сондай-ақ Орал әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотының қаулысымен "ҚазТрансГазАймақ" АҚ 5 520 000 теңге көлемінде айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолданылды.
Бірақ судья ӘҚБтК-нің 829-11-бабы 2-бөлігіне сай, салынған айыппұл сомасын 30 пайызға дейін, яғни 3 864 000 теңгеге азайтты.
Бүгінде айыппұл толық көлемде өтелді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2057371-qaztransgazaimaq-filialyna-birnese-million-tenge-aiyppul-salyndy/