Вайнерлер жарнамалаған қаржы пирамидасы: адвокат апелляциялық сотта Мейірхан Шерниязовты ақтауды сұрады
Жарияланған күні:
Читать на русскомБүгін сотта қаржы пирамидасына қатысты сотталған блогер Мейіржан Төребаев пен актер Мейірхан Шерниязовқа қатысты апелляциялық шағым қаралды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Мейірхан Шерниязовты адвокат Дамир Жаңабеков қорғады. Ол соттан тағылған айыптың күшін жоюды сұрады. Еске сала кетейік, актер Қылмыстық кодекстің 217-бабы – "Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету" бойынша кінәлі деп танылған.
"Жәбірленушілердің айғағында материалдық шығынның қандай себеппен және қандай тұлғалардың әрекетінен болғаны анықталмады. Жәбірленушілер сотқа көрсеткен мәліметтердің барлығы - Шерниязов Mudarabah Capital компаниясының қызметін жарнамалағаны туралы. Бірақ жәбірленушілердің ешқайсы сотқа Мейірхан Шерниязовтың қылмыстық пиғылы мен қылмыстық әрекеті туралы ақпарат бермеді", - деді адвокат Дамир Жаңабеков.
Адвокат куәгерлердің айыптау айғағына да қатысты дәлел аз екенін айтты.
"Бірақ, меніңше, шындықты анықтау үшін ең үлкен құндылық жәбірленушілердің ақшасымен жұмыс істеген компания есепшілері мен басшыларының айғақтары болып саналады. Біріншіден, куәгердің айғақтарын атап өткім келеді. Mudarabah Capital компаниясына қатысты есепші Шерниязов арнайы Mudarabah Capital арқылы Astex ЖШС-нің салымшысы болғанын, оның қаржылық-шаруашылық қызметіне ешқандай қатысы жоғын және компанияның қаржылық-шаруашылық қызметіне қатысты ешқандай нұсқау бермегенін көрсетті", - деді заңгер.
Ол Мейірхан Шерниязов қатысқан қаржы пирамидасы туралы ақпараттық бейнероликтерге де тоқталды.
"Біз Мейірханның Mudarabah Capital ЖШС қызметін жарнамалағанын дауламаймыз. Бірақ бұл видеоларға сүйене отырып, оның қаржылық пирамадыны әдейі жарнамалады деп объективті түрде айта алмаймыз.
Шерниязовтың өзі де Mudarabah Capital-дың барлық мүшесі сияқты қылмыстық қудалау органдары тергеу сатысында жәбірленуші деп танылды. Оның да ақша салғанын көрсететін келісімшарттар бар", - дейді Дамир Жаңабеков.
Кейін ақшасын қайтарса да, бұл сома оның салған ақшасынан айтарлықтай аз екенін айтады адвокат. Дамир Жаңабековтің айтуынша, Шерниязов 36-40 млн теңгедей ақша салғанмен, 11-12 млн теңгесін ғана алған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2057480-vainerler-zarnamalagan-qarzy-piramidasy-advokat-apellyaciyalyq-sotta-meiirxan-serniyazovty-aqtaudy-surady/