Алматыда әйгілі Ататүріктің құрметіне ескерткіш ашылды (фото, видео)
Жарияланған күні:
Бүгін Алматыда Түркияның тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүрікке арналған ескерткіштің салтанатты ашылуы өтті. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Министрліктің баспасөз қызметінің мәліметінше, ескерткіш өткен жылы ашылған "Ататүрік скверіне" қойылған.
Ашылу салтанатына мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Түркия Республикасының Қазақстандағы елшісі Мұстафа Капуджу, ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, түрік диаспорасы мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Салтанатты жиынды ашқан министр мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ескерткіш орнату туралы тапсырманы Түркия Республикасының 100 жылдығына орай Режеп Тайып Ердоғанның Қазақстанға сапары кезінде бергенін атап өтті.
"Түбі бір, тарихы тамырлас Түрік елі біз үшін кеше де, бүгін де тілегі ортақ, мақсаты бір бауырлас мемлекет. Мемлекет басшыларымыздың арқасында осы күндері біздің елдер арасындағы қарым-қатынас жаңа деңгейге көтеріліп, қазіргі таңда барлық салалар қарқынды дамып келеді. Әсіресе, бауырлас екі ел арасындағы ынтымақтастықтың алтын көпірі болған мәдени байланысымыз зор.
Бұл ретте Түркия тарихында өшпес із қалдырған қазіргі түрік мемлекетінің негізін қалаушыға ерекше мән беріледі. Ол жүзеге асырған мәдени, саяси, экономикалық, әлеуметтік реформаларымен заманауи қоғамның құрылуына баға жетпес үлес қосты. Мемлекеттің дамуына негіз болатын реформалар күні бүгінге дейін жалғасып келеді", - деді Аида Балаева.
Биіктігі 3 метрден тұратын қола ескерткіштің тұғыры граниттен жасалған. Ескерткіштің авторлары қазақстандық мүсіншілер - Айдос Бүркітбаев пен Тимур Ермұхаметов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2057694-almatyda-aigili-ataturiktin-qurmetine-eskertkis-asyldy/