Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бүрсеңдеп тамақ ішеміз": Кентау тұрғындары жылуға жарымай отырғанын жеткізді

Жарияланған күні:

Кентау
Кентау қаласы. Видеодан кадр: 24.kz

Қыстың ортасында Кентау қаласының тұрғындары бір жарым айдан бері жылуға жарымай отырмыз деп шағым айтты. Бұған жылу орталығында шыққан ақау себеп. Ал билік өкілдері қаланы жылытуға 4 қазандықтың шамасы жетпейтінін айтып отыр, деп хабарлайды 24.kz арнасы.

Телеарна тілшісінің хабарлауынша, кентаулықтар желтоқсан айында жылу қазандығында болған ақаудан кейін электр пешін қосып отырғанын жеткізді.

"Бүрсеңдеп тамақ ішеміз, бүрсеңдеп шәй ішеміз. Бойымыз жылымайды. Жаурап, дірдектеп отырасың. Пеш те қосып жатырмыз, арасында газды да жағып отырамыз бойымыз жылынсын деп", - дейді зейнеткер Дүрия Мұхамедова.

Тұрғындар жылудың жырын айтып қала әкімдігіне бірнеше рет барған. Бірақ нәтиже жоқ. Электр пешімен жылынып отырған тұрғындар енді жарықты да қымбаттатып жібергенін айтады.

"Тарифіміз 21 теңгеден басталып, 35 теңгемен тоқтайды. Телефонымдағы түбіртектерді көрсетсем, 35 мың, 32 мың, 28 мыңнан төлеп отырған қаншама адам. Соны 18 теңгеге түсіріп берсе екен. Адамдар жарықты пайдаланбаса тағы да жаурап қалады. Жылу тек үйлерде ғана емес, мектеп, ауруханаларда да мардымсыз. Сондықтан ауырып ем іздегендер сырқатына сырқат қосып жатыр", - дейді қала тұрғыны Әлия Кенжебаева.

Ал жылуға жауаптылар жазда қазандықтардың түгел жөнделгенін айтып, қыстан қысылмай шығамыз деп сендірген.

"Биылғы қыстық маусымда 4 қазандық жұмыс істейді. Қалған 4 қазандық резервте болады. Сол қазандықты қайта құрудың нәтижесінде биыл жылу маусымында тұрақтылықты арттырып, соған ниеттеніп отырмыз", - дейді "Кентау Сервис" Мемлекеттік кәсіпорынының директоры Серік Қайратұлы.

Жөндеуден өткен 4 қазандықтың қаланы толық жылумен қамтуға күші жетпейді. Оны жауаптылар да мойындады.

"4 қазандық бізде штаттық режимде жұмыс істейді. Бірақ профилактика дейді 2 апта сайын қазандықтарды тазалап тұру керек. Тазалайтын кезде біреуін тоқтатып, тазалайды. Сол кезде бізде жылудың температурасы түсіп жатыр. 4 қазандықтың шамасы жетпей жатыр", - дейді Кентау қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы Талғат Ысқақов.

Оның үстіне 600-дей нысанның жылу орталығына қосылуынан көпқабатты үйлерге жылу жетпей қалған. Қазір жауапты бөлім мамандары 138 нысанды жылудан ажырату бойынша сотқа талап арыз түсірген. Ал толық жөндеуден өтіп жатқан екі қазандық жақын арада қосылмайтынын жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2058113-bursendep-tamaq-isemiz-kentau-turgyndary-zyluga-zarymai-otyrganyn-zetkizdi/