Қазақстан аумағында ҰҚШҰ бітімгер күштерімен бірлескен оқу-жаттығуы өткізілмек
Жарияланған күні:
Қорғаныс министрлігі 2024 жылға жоспарланған әскери жаттығулар туралы түсінік берді. Биыл қыркүйек-қазан айларында Қазақстан аумағында ҰҚШҰ бітімгер күштерімен бірлескен оқу-жаттығуын өткізу жоспарланған, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында ведомство осы жылға жоспарлаған оқу-жаттығуларды жариялады.
Бұл тұрғыда Түркия Қарулы күштерімен бірлескен "Қабылан жолы-2024" оқу-жаттығуы, сондай-ақ Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан қарулы күштері бөлімшелерінің қатысуымен "Бірлестік-2024" командалық-штабтық іс-шарасы өткізілмек.
Мұнымен қоса, ведомствоның биылғы жоспарында мына жиындар бар:
- "Бекет-2024" кешенді жаттығуы;
- әуедегі шабуылға қарсы қорғаныстың жедел-тактикалық "Ашық аспан-2024" командалық-штабтық оқу-жаттығуы;
- Каспий маңы мемлекеттерінің (Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Ресей) бірлескен жаттығулары;
- жедел-тактикалық "Айбалта-2024" командалық-штабтық оқу-жаттығуы;
- "Тосқауыл-2024" командалық-штабтық оқу-жаттығуы.
"Бұл жаттығулардың бұрынғыларынан айырмашылығына тоқталсақ, оқу-жаттығу тұжырымдамасы геосаяси жағдайды, өңірдегі және әлемдегі ахуалды ескере отырып, жыл сайын өзгереді", - делінген министрлік ақпаратында.
Сонымен қатар 2024 жылдың қыркүйек-қазан айларында Қазақстан аумағында ҰҚШҰ бітімгер күштерімен бірлескен оқу-жаттығуын өткізу жоспарланған. Бұдан бөлек, екіжақты негізде Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан қарулы күштерімен бірлескен оқу-жаттығулар ұйымдастырылмақ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2058232-qazaqstan-aumagynda-uqsu-bitimger-kusterimen-birlesken-oqu-zattyguy-otkizilmek/