Қостанайлық тұрғын таксиде шу шығарды: жолаушыға айыппұл салынды
Жарияланған күні:
Қостанай облысында такси жүргізушісін қорлады деп айыптаған тұрғынға 110 мың теңге айыппұл салынды. Бұл туралы облыстық полиция департаментіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Оған жолаушының жалған қоңырау шалғаны себеп болған. Сол үшін такси жолаушысы жауапқа тартылып, оған 30 АЕК (110 760 теңге) көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Алайда оқиға мұнымен бітпеді, такси жолаушысы видеосының тарап кетуіне қатысты арыз жазды. Бұл мәселе азаматтық-құқықтық тұрғыда қаралады.
Еске сала кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде келіншек таксиде жанжал шығарған видеосы тарап кеткен еді. Ол полицияға қоңырау шалып, жүргізушінің қате мекенжайға келгенін айтып, артынша жылап жіберген. Ауа жетпей тұншыққандай, такси жүргізушісі оны балағаттағандай, қорлап жатқандай кейіп танытып, полициядан оқиға орнына келіп, көмектесуін өтінеді.
Оқиға орнына келіп жеткен полицейлердің айтуынша, көлік дұрыс мекенжайға келмей, жүргізуші мен жолаушының арасында түсініспеушілік болған екен.
Полицейлер бағдарлама басқа мекенжайды көрсеткенін, ал жолаушы әйел басқа жерде күтіп тұрғанын анықтаған. Нәтижесінде ол күту ақысын төлеуден бас тартқан, ал жүргізуші оны ешқайда апармайтынын жеткізген. Содан кейін жолаушы полиция шақырған, ал оқиға орнына келген дәрігерлерге ештеңе есінде жоқ екенін айтқан.
Тәртіп сақшылары такси жүргізушісінің әрекетінен ешқандай құқықбұзушылық таппады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2058400-qostanailyq-turgyn-takside-su-sygardy-zolausyga-aiyppul-salyndy/