Арман Жүдебаев жаңа қызметке тағайындалды
Жарияланған күні:
Арман Жүдебаев Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы ректорының міндетін атқарушы лауазымына тағайындалды. Бұған дейін ол мәдениет және ақпарат вице-министрі қызметін атқарған еді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Жаңа қызметке тағайындалғаны туралы Арман Жүдебаев Instagram-дағы жеке парақшасында жазды.
"Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі ретінде қызметімді аяқтап, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректорының міндетін атқарушы лауазымына тағайындалдым.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың мәдениет, руханият салаларына айрықша назар аударып отырғаны баршаңызға аян. Бұл – осы салада еңбектеніп жүрген әрбір әріптесіміз үшін анық қуаныш әрі салмақты жауапкершілік. Сондықтан, артылған сенімнің үдесінен шығу, "Әділетті Қазақстан" идеясының принциптеріне сәйкес жұмыс істеу – ортақ міндетіміз.
Аида Ғалымқызына мол тәжірибесімен бөлісіп, маған зор сенім артып, жауапкершілігі үлкен қызметті сеніп тапсырғаны үшін алғыс білдіремін", - деп жазды ол.
Бұған қоса ол жаңа жұмыс орнына нақты тапсырмалармен, үлкен жауапкершілікпен келгенін. Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында нәтижелі еңбек етіп, салалық білім беру бағытына және тарихы терең оқу ордасының жағдайын жақсартуға білім-білігін, тәжірибесін, күш-жігерін салатынын айтқан.
Кеше, 30 қаңтарда Арман Жүдебаев басқа жұмысқа ауысуына байланысты мәдениет және ақпарат вице-министрі қызметінен босатылғанын хабарлаған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2058421-arman-zudebaev-zana-qyzmetke-tagaiyndaldy/