Досаев Алматыдағы жаяу жүргіншілер жолын жарықтандыру проблемасы туралы айтты
Жарияланған күні:
Қала әкімі Ерболат Досаев Алмалы ауданының тұрғындарымен кездесіп, Алматыдағы жаяу жүргіншілер жолын жарықтандыру қашан қалпына келтірілетінін айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
"Қаладағы сыртқы жарықтандыру сапасының мәселелері - осы жылдың басты басымдықтарының бірі. Өздеріңіз білесіздер, көптеген сот процесінен кейін жарықтандыру жүйесін қала меншігіне қайтарып, осы бағытта өткен жылдың тамыз айында белсенді жұмыс істей бастадық.
Алғашқы пилоттық жоба дәл осы Алмалы ауданы болды. Ал қазан айынан бастап қалған жеті аудан да өз баланстарына жарық алып, жаңғырту мен жаңарту мәселелеріне кірісті. Биыл 40 шақырымға жуық желіні ауыстырып, 5 мыңнан астам жаңа жарық нүктесін орнатамыз. Көшелерді ғана емес, жаяу жүргіншілер жолын да жарықтандыруға баса назар аударамыз", - деді Досаев.
Аудан әкімі Айдар Жәкібаев биыл аудандағы негізгі үш көше – Абай даңғылы, Төле би және Абылай хан даңғылындағы жарықтандыруды қалпына келтіру жоспарланып отырғанын атап өтті.
Алматыда көшелерді жарықтандыру 2024 жылдың соңына дейін 85 пайызға, ал 2025 жылдың соңына қарай 100 пайызға дейін қалпына келтіріледі деп жоспарланып отыр.
Еске салайық, бұған дейін Алматы әкімдігінің қаланы жарықтандыруға жауапты компанияны сотта жеңіп шыққаны хабарланған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2058436-dosaev-almatydagy-zayau-zurginsiler-zolyn-zaryqtandyru-problemasy-turaly-aitty/