Елорда әуежайында күрделі жөндеу жүргізуге байланысты 8 айға шектеулер енгізіледі
Жарияланған күні:
Мамырдан бастап Астана әуежайында ұшу-қону жолағын күрделі жөндеуге байланысты шектеулер енгізіледі. Бұл туралы Азаматтық авиация комитетіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
"Бірқатар келіссөздердің, ауа райы болжамының, әуежайдың әртүрлі уақыт кезеңдеріндегі жүктемесін зерделей келе, жолаушылар үшін туындайтын қолайсыздықтардың салдарын азайту мақсатында түнгі уақытта күрделі жөндеу жүргізу туралы шешім қабылданды.
Осылайша, 2024 жылғы 1 мамырдан 24 желтоқсанға дейін жергілікті уақыт бойынша сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін Астана қаласының әуеайлағында әуе кемелерінің ұшып-қонуына шектеу қойылады", - делінген хабарламада.
"Бұл іс-шара әуежай ұсынатын қызметтердің сапасына кері әсер етпейтінін атап өту маңызды. Өз кезегінде ұшу-қону жолағын күрделі жөндеу бойынша жұмыстар барлық қажетті құрылыс нормалары мен қауіпсіздік нормаларын сақтай отырып, Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті мен Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің тұрақты бақылауымен жүзеге асырылады", - дейді Азаматтық авиация комитеті өкілдері.
Әуежайдың қолданыстағы ұшу-қону жолағы 20 жылдан астам уақыт бұрын пайдалануға берілген. Сондай-ақ оны күрделі жөндеу сенімгерлік басқару кезеңіндегі инвесторға артылған басты міндет болған.
Осы ірі жобаны іске асыру инвестордың жеке қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Ең алдымен әуе кемелерінің барлық түрін шектеусіз қабылдау мақсатында ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және әуеайлақ жабындарының сапасын жақсартуға басымдық беріледі.
"Осы орайда рейстер кестесіне өзгерістер енуі мүмкін. Сондықтан жолаушыларға әуе компаниялар мен әуежайдың анықтамалық қызметтерінен рейстің мәртебесін нақтылау ұсынылады", - делінген ведомствода хабарында.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2058450-elorda-auezaiynda-kurdeli-zondeu-zurgizuge-bailanysty-8-aiga-sekteuler-engiziledi/