Қазақстандықтарға Катарда заңды түрде жұмыс істеуге рұқсат етілуі мүмкін
Жарияланған күні:
Читать на русскомЕңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстан мен Катар арасындағы келісім аясында осы елдегі қазақстандықтардың жұмысқа орналасуын реттеуге ниетті екенін мәлім етті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ "Ашық НҚА" порталындағы қаулы жобасына сілтеме жасап хабарлады.
Ведомство "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Катар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы жұмысшыларын Катар Мемлекетінде жұмысқа орналастыруды реттеу туралы келісімге қол қою туралы" қаулы жобасын жариялады.
"Қазақстан Республикасынан жұмыскерлерді жалдау, олардың Катар мемлекетіне кіруі және жұмысқа орналасуы екі елде де қолданылатын ұлттық заңнама мен рәсімдерге сәйкес реттеледі", - делінген құжатта.
Осы келісімнің ережелерін іске асыру жөніндегі құзыретті органдар:
- қабылдаушы тараптың атынан: Катар мемлекетінің еңбек министрлігі.
- жіберуші тараптың атынан: Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Уәкілетті органдар өзгерген жағдайда тараптар бұл туралы бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы хабардар етеді және құқықтық мирасқорлық бойынша қажетті шараларды қамтамасыз етеді.
"Егер Катар мемлекетіндегі жұмыс беруші Қазақстан Республикасынан ерекше біліктілігі бар жұмыскерлерді жалдауға және жұмысқа орналастыруға ниет білдірсе, ол осы біліктілікті өзінің өтінімінде қабылдаушы тарапқа көрсетуі тиіс.
Катарлық жұмыс берушіге не өз қызметкерлері қатарындағы уәкілетті өкілге, не Қабылдаушы Тарап уәкілеттік берген жұмысқа орналастыру бюросы арқылы Қазақстан Республикасынан жұмыскерлерді іріктеу және олардың Катар мемлекетіне сапары үшін қажетті барлық рәсімдерді орындауға рұқсат етіледі", - делінген келісімде.
Жұмысқа қабылдау туралы өтініште мыналар көрсетілуі керек:
1) талап етілетін біліктілік;
2) тәжірибе және мамандандыру;
3) еңбек шартының ықтимал ұзақтығы;
4) жалдаудың егжей-тегжейлі шарттары, әсіресе жалақы, қызмет аяқталғаннан кейінгі сыйақы;
5) көлікке және тұруға қатысты сынақ мерзімі мен шарттары, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан келген жұмыскерлерге еңбек шартына қол қою туралы шешім қабылдауға мүмкіндік беретін барлық негізгі ақпарат.
Құжатқа сәйкес, Катар мемлекетінде жұмыс істегісі келетін Қазақстан республикасынан келген жұмыскерлер үшін жіберуші тарап медициналық қарап-тексеру рәсімдерін жүргізу, паспорттар мен жол жүруге рұқсаттар алу үшін қажетті шаралар қабылдайды, сондай-ақ мұндай жұмыскерлерге Катар мемлекетіндегі жұмыс жағдайлары, шығындары және өмір сүру деңгейі туралы ақпарат береді.
Сонымент қатар қабылдаушы тарап Қазақстан Республикасынан жұмыскерлердің кез келген санын олардың жеке еңбек шарттарының қолданылу мерзімі өткеннен кейін репатриациялау жөніндегі рәсімдерді қабылдай алады.
Құжатта көрсетілгендей, Катар мемлекетінде Қазақстан Республикасынан жұмыскерлерді жалдау шарттары мен мерзімдері осы келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын осы Келісімге қоса берілетін үлгілік шартқа сәйкес жұмыскер мен жұмыс беруші арасында жасалатын жеке еңбек шартында айқындалады
"Жеке еңбек шарты араб, қазақ және ағылшын тілдерінде төрт түпнұсқа данада ресімделеді, олардың біреуі жұмыс берушіде, екіншісі жұмыскерде сақталады, үшіншісі Катар мемлекетінің Еңбек министрлігіне, төртінші данасы Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сақтауға беріледі", - делінген келісімде.
Қаулы жобасын қоғамдық талқылау 13 ақпанға дейін жалғасады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2058458-qazaqstandyqtarga-katarda-zandy-turde-zumys-isteuge-ruqsat-etilui-mumkin/