"Шетелдік азаматтарды алдадық": Мьянмада құлдықта болған қазақстандық оқиғасын баяндады
Жарияланған күні:
Былтыр жұмыс істеуге шетелге кеткен екі қазақстандықтың Оңтүстік-Шығыс Азияда еңбек құлдығына түскені белгілі болды. Тұтқыннан аман шыққан жігіттердің бірі Sputnik Қазақстан агенттігіне сұхбат беріп, басынан кешкен оқиғасын айтты.
Басылым ақпаратынша, шетелде еңбек етеміз деп Мьянмада құлдыққа түскендердің бірі – 24 жастағы Жарас Сейіткәрім. Ол құлдықта басынан кешкен қиындықтарын, қамаудан қалай қашып шығып, елге оралғанын айтып берді.
Қытай тілін Нанкин қаласында оқып жүргенде үйренген Жарас Сейіткәрім Қазақстанға оралғасын өз кәсібін ашады. Кейінірек ата-анасына көмектесіп, табыс табу мақсатында Дубайға аттанады. Ол жақта Исламбек атты жерлесімен танысады.
"Исламбек екеуіміз әлеуметтік желінің көмегімен жұмыс таптық. Сөйтіп жүргенде таныс қытайлықпен сөйлесеміз. Ол бізге жақсы бір ұсыныс барын айтып: "Аудармашы қажет, жалақысы 2500 доллардан жоғары. Егер жақсы аударсаңдар, одан да көп аласыңдар. Дубайда ақша жоқ, Таиландқа келіңдер, жол ақысын, бәрін төлеп береді", – деп шақырды. Сөйтіп біз келісіп, төлқұжатымызды бердік. Telegram-да бастығымен сөйлестік. Бірақ артық ауыз сөз, ақпарат, ешнәрсе айтпады", – дейді Жарас Сейіткәрім.
Таиландтағы басшылары жатын орындарының фотосын жіберіп, көрсеткен. Кейінірек билет алып беріп, жігіттер жолға шығады.
"Бізге Таиландтағы Мае-Сот деген қалаға барасыңдар деп айтты. Әуежайдан өткен соң екеумізді бөтен адамдар күтіп алып, қонақүйге апарды. Ал одан әрі қарай басқа адамдар алып кетті. 2-3 ай жұмыс істеп, елге қайтамыз, қарыздарымызды жабамыз деп дәмеленіп біз жүрміз. Алайда қонақүйден бізді алып кеткендер өте күмәнді көрінді. Көліктеріне отырғызып алып, тым асығыс жүріп кетті. Негізгі тасжолдан бұрылып, тау арасына кірдік. Дала қап-қараңғы. Өздері мүлдем тіл білмейді, білсе де үндемейді. Киімдері қара түсті, арнайы форма. Бізбен бірге екі пәкістандық болды", – дейді жас жігіт.
Олардан күдіктенген жігіттер жол-жөнекей қашудың жоспарын құра бастаған. Әр бұтаны, әр бұрылысты жіті қарап отырған. Бірақ үрейленіп отырғандықтан, барлығы да естен шығып кетеді.
Оларды кампусқа орналастырады. Мұндағы өздері сияқты алданған адамдар өте көп болып шығады.
"Мектепте әскери оқу сабағында болмаса, қаруды көргеніміз осы. Ғимаратқа кіргенде бізге суретте көрсетілген бөлме емес екенін көріп, мұнда шикілік барын түсіндік. Жұмыс орнының басшысы бізге "бір жыл жұмыс істейсіңдер, ақшаларың төленеді" деді. Бір сөзбен айтқанда, біз оңбай алдандық. Бізден бұрын барып, 6-7 ай жұмыс істеген бір адам болды. Ол қытай тілін жақсы біледі. Ол бізге аудармашы деген вакансия жоқ деді. Тіпті аудармашымыз десек, өзімізді келемеж етеді", – дейді ол.
Сөздің қысқасы, қытайша жақсы білетін шетелдіктерді алдап шақырып, компьютердің алдында отырғызып, елді алдауға үйрете бастаған. Бір апта қарсыласып баққан қазақстандық екі жігіт ақыры біртіндеп оның не жұмыс екенін зерттей бастайды.
"Аккаунт ашып, Еуропа азаматтарымен танысып, қыз болып Америкадағы жігіттерді алдап, өзіңе қаратуың керек. Сосын соларды "мынадай платформа бар, соның арқасында үй сатып алдым, ақша таптым" деп арбайсың. Бірінші салған ақшасынан тапқан пайдасын шешіп алады. Оны көрген адам тағы ақша салады. Негізі америкалықтар 2015 жылдан бері дәл осы платформаға алданып келеді. Бұл туралы мақалалар да, ақпараттар да көп. Бірақ америкалықтар әлі күнге миллиардтап алданып жатыр", – дейді Жарас.
Шарт бойынша кемінде бұл платформа арқылы айына 5000 доллар түсіріп тұруың керек. Әйтпесе елге қайту оңайға соқпайды.
"Естуімізше, мұндай жасырын басқа компанияларда адамды қинап ұстап, ұрып-соғу, қамауда ұстау, күш қолдану сияқтылар жиі болып тұрады. Ал біздің жұмыс беруші "сендерді ешкім ұрып жатқан жоқ, тек жұмыс істеңдер" деп көндірумен болды. Бірақ жұртты алдап, ақша тапқаннан түбегейлі бас тарттық", – дейді жігіт.
Екі жігіт жұмыс істеуге қарсылық білдіріп, түбегейлі бас тартады. Жұмыс берушімен сөйлесіп, ақыры елге қайтарамыз деген уәде алады. Алайда қазақстандықтарды алдап, қамап қояды. Күніне бір уақыт дәмсіз тамақ беріліп, суық жерде жатады. Ұялы телефоннан да айырылады. Тіл білгеннің арқасында екеуі екі камерада жатып, сол жердің күзетшісімен тіл табысады.
"Бізге жергілікті мьянмалық әскери көмектесті. Ол бізді күзететін. Өз ақшасына тамақ тасып, бізге қарайласа бастады. Тамаққа ақшаны өз қалтасынан шығаратын. Тіпті ұялы телефонын беріп, біз Қазақстандағы дос, туыстарымызға жазып тұрдық. Мьянмалық азамат телефонын бергенін басқалар білсе, өлім жазасына кесілетінін айтты. Барлық күзетшілердің телефондары тексерілді. Бізге көмектесіп жүрген адам үшін қатты уайымдадық", – дейді ол.
Абырой болғанда жігіттердің жазған хабарламасын мьянмалық жанашыр дер кезінде өшіріп, басы бәледен аман қалады. Қазақстандықтар Мьянмада 22 күн қамауда жатады. Ақыр соңында қазақстандықтарды қамаудан босатуға осы әскери жігіт көмектескен.
"Ол бізді кампустан шығарып, көлікке отырғызып жіберді. "Ақ жол, абайлап жүріңдер" деп хош айтты. Бізді көлікпен Мае-Сот деген қалаға алып келді. Үсті-басымыз адам көргісіз, ласпыз. Кампустан шыққанда алған сөмкемізді қарасақ, Исламбектің картасы бар екен. Сауда үйіне кіріп, телефон сататын жерден әлеуметтік желіні пайдалануға көмек сұрадық. Ол жерде полицияға жүгіну немесе елден көмек сұрау мүмкін емес. Тыныш жүріңдер деп бізге консул айтқан еді. Телефон сатып алдық. Ол жерден шыққанда Қазақстан елшілігі біздің елге қайтуымызға көмектесті.
Адам өмірінде ақша ешқашан маңызды рөл ойнамайды. Ақша табамын деп осынша жанталасу керек пе еді деген ой туды. Туған-туыстың қадіріне жеттік. Тіл білудің де зияны барын ойланып көрмеппіз. Міндетті түрде шетелге бару керек пе еді, қанша тапшылық болса да, осындай тәуекелге бару қажет пе еді деген ойлар көп болды", - дейді Жарас Сейткәрім.
Еске салсақ, былтыр қаңтарда сыртқы істер министрлігі екі қазақстандықтың Оңтүстік-Шығыс Азияда (Таиланд, Мьянма және Лаос шекарасы) еңбек құлдығына түскенін хабарлаған болатын.
Олар Таиландтағы елшілікпен байланысқа шығып, содан кейін тұтқыннан қашып шыққан. Қазақстандықтарға белгілі бір сомаға шекараны кесіп өтуге жергілікті тұрғын көмектескен.
Министрліктің хабарлауынша, алдын ала сөз байласқан халықаралық қылмыстық топтар көбіне үшінші тарап және әлеуметтік желілер, мессенджерлер арқылы Қазақстан азаматтарын Таиландтағы компанияларға жұмысқа шақырады. Таиландқа келген соң, түрлі сылтау айтып, азаматтарды алаяқтық жолмен Мьянмаға жеткізеді. Сөйтіп ол жерде олар еңбек құлдығына түседі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2058490-seteldik-azamattardy-aldadyq-myanmada-quldyqta-bolgan-qazaqstandyqtardyn-oqigasy/