Түркістан облысында оқушылар мен мұғалімдерге иіс тиді: мектеп директоры қызметінен шетттетілді
Жарияланған күні:
Апта басында Түркістан облысы Сарыағаш ауданында 10 мұғалім мен 29 оқушыға иіс тиіп, ауруханаға түсті. Осы жағдайдан кейін мектеп директоры қызметінен шеттетілді, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Телеарна ақпаратынша, оқыс жағдай Сарыағаш ауданындағы Жартытөбе ауылында болған. Сенбі күні сырланған мектептің іші дүйсенбіге дейін кеппей, 39 оқушы мен оннан астам мұғалім бояудың иісінен өздерін нашар сезінген. Соның салдарынан олардың кейбірін жедел жәрдем алып кеткен.
Осы мектепке жаңадан тағайындалған директор жұмысты тазалықтан бастамақ болып, сенбі күні мұғалімдер мен жоғары сыныптың оқушыларын шақырған. Олар ғимаратты түгел әктеп, сырлаған.
Бірақ демалыс күндері жағылған бояудың иісі кетпеген. Содан басы ауырып, лоқсығандар шетінен жедел жәрдем шақыртыпты. Оқушылар мен мұғалімдердің бір бөлігіне мектеп ауласында көмек көрсетіліп, үйіне қайтарылса, үш ұстаз ауруханаға жіберілді. Аяғы ауыр бір мұғалім әлі ем алып жатыр.
Ал келгеніне бір аптаға да жетпеген директор дереу жұмыстан шеттетілді. Білім ошағы уақытша жабылған.
"№9 Майлықожа атындағы мектептің оқушылары мен мұғалімдерінің улану фактісі бойынша қылмыстық кодекстің 304-бабының 1-бөлігімен, яғни санитарлық ережені сақтамау, адамдардың жаппай улану дерегімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Тергеу нәтижесімен тиісті кінәлі тұлғалардың әрекетіне тиісті құқықтық баға беріледі", – деді Сарыағаш ауданының прокуроры Жаннұр Ахметбек.
Дереккөз: КТК телеарнасы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2059554-turkistan-oblysynda-oqusylar-men-mugalimderge-iis-tidi-mektep-direktory-qyzmetinen-setttetildi/