Тоқаев жаңа Салық кодексін әзірлеу барысына президент ретінде көңілі толмайтынын мәлімдеді
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында салық салу жүйесін реттеп, жетілдіру керегін айтты, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
"Енді бюджеттің кіріс бөлігіне келейік. Қазір жаңа Салық кодексі әзірленіп жатыр. Бұл құжат инвесторларға қолайлы жағдай жасау мен бюджетке қажетті көлемде қаржы түсірудің арасында көкейге қонымды теңгерім болуын қамтамасыз етуі керек. Алайда, бизнес қауымдастығында бұл құжат, ең алдымен, салық мөлшерлемесін өсіруді көздейді деген пікір қалыптасып отыр.
Қазақстанда түпкі мәні өзгеріп кеткен қосылған құн салығының өзін реформалау қажет. Оны 12 пайыздан 16 пайызға дейін көтеру мәселені шешпейді. Сарапшылар қосылған құн салығын көтеру көлеңкелі экономиканың үлесін арттырып, инфляцияның өсуіне әкеп соқтыруы ықтимал деп орынды пікір білдіріп жатыр. Бұл қадам еліміздің инвестициялық тартымдылығына да кері әсер етуі мүмкін.
Бұрынғы Үкімет Ұлттық қордан бөлінетін трансферттің орнына салықты көтеріп, қазынаға қосымша қаржы түсіреміз деген уәжді алға тартатын. Жаңа Салық кодексін әзірлеу барысына Мемлекет басшысы ретінде менің көңілім толмайды", - деді президент.
Ол алда ұлттық экономиканы сапалы әрі қарқынды дамыту деген өте маңызды міндет тұрғанын терең түсіну қажеттігін атап өтті.
"Табыс пен мүлікке салық салудың жаңа жүйесін енгізбесек, кәсіпкерлерді табысын қалтаға баспай, бизнесін дамыту үшін жұмсауға ынталандырмасақ, арнайы салық режимдерін өзгертпесек, бұл міндетті орындай алмаймыз. Сондықтан Салық кодексі секілді стратегиялық маңызы бар құжатты әзірлеуге осы сала мамандарынан бөлек экономистер мен бизнес өкілдері жұмылдырылуы қажет. Әрине, бюджет қоржынын толтыру міндетін ұмытуға болмайды. Экономика неғұрлым қуатты болса, соғұрлым көп салық түседі деген қағидатты берік ұстану керек.
Салықты жайдан жай көбейте салуға болмайды. Ең алдымен, салық салу жүйесін реттеп, оны жетілдіру қажет. Сондай-ақ, көлеңкелі экономиканы барынша азайту керек. Яғни, салық жүйесін басқару жұмысы дұрыс жолға қойылмаса, ең озық деген салық саясатының өзі тиімсіз болып шығады.
Үкімет салық жеңілдіктерін берудің ашық әрі нақты ережелерін әзірлеуге тиіс. Қаржы министрлігінің мәліметі бойынша жеңілдік берудің салдарынан жыл сайын бюджетке орташа есеппен 7 триллионға жуық теңге кем түседі. Мен салық жеңілдіктерін 20 пайызға азайту туралы тапсырма бердім. Бірақ, әлі күнге дейін орындалған жоқ, тіпті, мәселені шешу жолдары да әзір емес", - деді Тоқаев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2059593-toqaev-zana-salyq-kodeksin-azirleu-barysyna-prezident-retinde-menin-konili-tolmaitynyn-malimdedi/