Тоқаевтың кеңесшісі әлемдегі үздік ғалым әйелдердің қатарына енді
Жарияланған күні:
Қазақстан Республикасы президентінің ғылым және технологиялар жөніндегі кеңесшісі, танымал ғалым Күнсұлу Закария жаһанның вакцина жасайтын үздік ғалымдары қатарына енді. Сүйіншіні Ғылым және жоғарғы білім министрлігі өкілдері жариялады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Министрліктің Telegram-дағы ресми арнасының жазуынша, International Woman's Day (IWD) жаһандық бастамасы вакцина жасайтын ғалым әйелдердің тізімін ұсынды. Сол тізімге Күнсұлу Закария да енген.
Тізімге қазақстандық ғалымнан бөлек, Сара Гилберт (AstraZeneca), Катрин Янее (Pfizer), Кизмекия Корбе (Moderna), Елена Смолярчук (SputnikV), Сумати Кей (Covaxin India), Хэнеке Шутмэкер (Johnson&Johnson) және Озлем Туречи (BioNTech) есімі енген. Олар пандемиямен күресуге зор үлесін қосқан ғалымдар. Бұл туралы Techcollectivesea басылымы жариялады.
"Елімізде дайындалған QazVac (QazCovid-in) вакцинасы тазартылған, концентрацияланған, белсенділігі жойылған вакцина болып табылады. Бұл екпені әзірлеу технологиясы әбден екшелген, оның барлық компоненттері сенімді. Сондай-ақ оның тиімділігі зерттеулер мен қолдану тәжірибесіне сәйкес 90 пайыздан жоғары. Ғалым әріптесіміздің ерен еңбегі осылайша әлемдік деңгейде топ жарып отыр", - делінген ведомство мәлімдемесінде.
Күнсұлу Дальтонқызы Закария Жезқазған облысы Қарсақпай ауылында дүниеге келген. Ол – биотехнология саласындағы қазақстандық ғалым, биология ғылымдарының докторы, профессор, академик.
2023 жылдың 12 сәуірінен бастап Қазақстан республикасы президентінің жанындағы Қазақ ұлттық ғылым академеиясының президенті болған.
Ал 2024 жылғы қаңтарда Қазақстан республикасы президентінің ғылым және инновациялар мәселелері жөніндегі кеңесшісі болып тағайындалды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2059682-toqaevtyn-kenessisi-alemdegi-uzdik-galym-aielderdin-qataryna-endi/